Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту» тапсырмасын айтып өткен болатын, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы бағытта, Қазығұрт ауданы аумағында суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Атап айтқанда, Қазығұрт ауданы бойынша қазіргі таңда 13 шаруа 366,57 гектар жерге су үнемдеу технологияларын іске қосты. Оның ішінде, тамшылатып суару бойынша – 126,57 гектар, жаңбырлатып суарумен – 240 гектар аумаққа енгізілген. Аудан көлемінде 2024 жылға су үнемдеу технологиясын ендіру 400 гектар деп межеленіп отыр.
Аталған 13 шаруаның бүгінгі таңда Балтаев Жандос төрағалық ететін, Қызылқия ауыл округінде орналасқан «Қараша Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал азықтық дақылдарына жаңбырлатып суғару әдісін жақсы меңгерген. Бұл шаруашылық 6 бірлік италиялық барабанды құрылғыларын іске қосып жақсы нәтижеге қол жеткізуде.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов «Қараша Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барып, су үнемдеу технологияларын пайдалану барысын көрді. Жаңадан алынған құрылғыларының жұмысын бақылап, оң бағасын берді. Сондай-ақ, бұл жүйені дамытуды қолға алып, аудандағы басқа да шаруалардың қолдануына әрекет етуді тапсырды.
© Didarbek.kz