Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқанының «Жасыл аймақ» апталығы аясында өткен жалпыаудандық сенбілікте аудан тұрғындары тұрғылықты мекенжайы бойынша көше бойларын тазалады.
Тамаша табиғаты, саф таза ауасымен барша жанды баураған Төлеби ауданын көркейту, көгалдандыру, абаттандыру ісі жалғасын тауып, бүгін тағы да аудан жасыл желекпен толықтырылды. Аудан әкімі Төлеген Телғараев «Төлеби баба» саябағында көпшілікпен бірге көшет егіп, тұрғындарды акцияны қолдауға, экобелсенді болуға шақырды.
Сенбілік барысында аудан халқы саябақ, сквер, Наурыз алаңшалары, ардагерлер аллеясы көпшілік жиналатын орындарға ағаш көшеттерін егіп, жол бойындағы ағаштарды әктеп, қураған жарамсыз ағаштардың бұталарын кесті. Кәсіпкерлік нысандардың сырт келбетін ретке келтіріп, жол жиектеріндегі арнайы қоршалған аумақтарға раушан гүлдерін екті.
Соңғы жылдары ғаламдық экологияның шектен тыс бұзылуына байланысты ағаш егу жұмыстары ауданда барлық сенбілік кезінде атқарылуда.
Аудан аумағын көгалдандыруға бағытталған сенбілікке төлебиліктер белсенді атсалысуда. Нәтижесінде, 4184 көшет егіліп, 40 тонна күл-қоқыс шығарылып, 1500 адам жұмылдырылды.
Жалпы, экоакция аясында ауданда ескі ғимараттар сүріліп, көшеге қараған ғимараттардың қас беттері боялып, әрленді. Қираған шарбақтар ауыстырылып, арық-атыздар тазаланды. Құрылыс қалдықтары шығарылып, аялдамалар ретке келтірілді. Кәсіпкерлік нысан ғимараттары реттеліп, баннерлер мен көрнекі құралдар ауыстырылды. Мемлекеттік әлеуметтік ғимараттар алаңына реттеліп, гүл, ағаш көшеттері егілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық науқанының «Жасыл аймақ» апталығы аясында Төлеби ауданы аумағында жалпыаудандық сенбілік өтуде. Сенбілікке , аудан әкімі аппаратының қызметкерлері де үлес қосып, мекеме аумағын күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, жанға сая, ғимарат ауласына сән беріп тұрған шырша ағаштарының түптерін әктеп, раушан гүлдерінің түбін қопсытып , қоршауларды сырлау жұмыстарын жүргізді.