Бүгін, Төлеби ауданы Ленгір қаласындағы «Төлеби баба» саябағында Мемлекеттік рәміздер күніне орай, салтанатты жиын өтті. Жиын барысында аудан әкімі Төлеген Телғараев аудан халқын, тұрғындарды мерекемен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбегімен дараланған түрлі сала мамандарына «Алғыс хат» табыс етті.
Ашық аспан аясында өткен мерекелік басқосуда тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағы биікке көтеріп, Әнұран шырқалды. Аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері патриоттық әндер шырқап, – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілерге құрмет көрсетілді.
Мемлекеттік рәміздердің күніне орай, аталған мерекенің тарихына тоқтала кетсек: 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстанның жаңа Мемлекеттік рәміздері туралы заң қабылданып, алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Қазақстан халқы мерекені 24 жылдан бері атап өтіп келеді. Еліміздің мемлекеттік туын жасаумен 600 адам шұғылданып, комиссия қарауына 1200 рәміздер нұсқасы ұсынылған.
Мерекеге орай, рәміздер керуенін жолға шығарып салып, аудандық ардагелер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев ақ батасын беріп, әлемдік додаларда Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқала берсін деген тілегін жеткізді. Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борышы!
Ал, Ел Астанасында бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысып, жиналған жұртшылықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл елдігімізді нығайта түсетін мерейлі мереке екеніне назар аударды.
– Осы мерекеге орай біз жаңа ғана еліміздің бас байрағын көтердік. Көк туымыз әрдайым биікте желбірей берсін! Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы. Аспан түстес көк байрағымыз – біздің мақтанышымыз. Спортшыларымыз туымызды талай рет жеңіс тұғырына көтерді. Жақында қазақтың қайсар қыздары Эверестке шықты. Туымыз әлемнің ең биік шыңында тағы да желбіреді. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Намысты өрендеріміз Париж төрінде туымызды тік ұстайды деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы байрағымыз аспандаған сайын ұлт мерейі асқақ болатынын айтып, туды тәуелсіздігіміздің тұмары әрі ынтымағымыздың бастауы деп атады.
– Батыр бабаларымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір тудың түбінен табылған. Бірлігін бекем ұстаған, елі мен жерін қорғаған. Байтақ даланы көзінің қарашығындай сақтап, ұрпағына мирас еткен. Сол аманатқа адал болу – ұрпақтың ұлы мұраты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні!
1992 жылы дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Гимн бекітілді. Тәуелсіз елдің дәл осы атрибуттары мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін бейнелейді.
Ата-бабамыздың аңсап кеткен арманы мен азаттық идеяларын бойына сіңірген тәуелсіздігіміздің осы үш нышаны қазақстандықтарға рух береді.
Отанымыздың рәміздерін құрметтеу және қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Бейбіт аспанымызда тәуелсіздіктің көк туы желбіреп, елтаңбамыз айбынымызды асырып, әнұранымыз Ұлы даланың еркіндік үнін жеткізе берсін.
Мереке құтты болсын!