Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Жалпыға бірдей декларациялау бойынша 3-ші кезеңінде 250.00 үлгідегі Активтері мен міндеттемелері туралы және 270.00 үлгідегі Кірістері мен мүлкі туралы декларацияларды табыс ету», «Біркөлік және Қасқасу ауыл округтеріндегі демалыс орындарын түгендеу жұмыстары» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев жүргізіп, басқосудың маңыздылығы мен тақырыбын түсіндірді.
Жиында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкенов жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру екенін түсіндіріп, тақырып аясында баяндама жасады.
Салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту екенін айтқан Мейрамбек Байқадамұлы жалпыға бірдей декларациялауға көшуді қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттеріне тоқталды.
Жалпыға бірдей декларациялауға көшу мәселелері бойынша халықты кеңінен ақпараттандыру бағытына арналған семинар кеңесте 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндетті екені айтылды. Декларацияны тапсыру мерзімі – 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін. Азаматтар кез келген қателер мен дәлсіздіктерді қосымша декларация беру арқылы өз бетінше түзетуге құқылы. Бірінші рет декларацияны ұсынбау немесе ақпаратты анық емес көрсету ескерту түріндегі әкімшілік жауаптылыққа әкеледі. Бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанған жағдайда, уақтылы тапсырмағаны үшін – 55 380 теңге (15 АЕК), мәліметті анық емес көрсеткені үшін – 11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) декларация тапсыруы қажет. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы 13 млн. жуық адам кіруі тиіс. Жиын барысында сала мамандары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін, өтініштерін жеткізді.