Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы жұмыс тобы басқосуы өтті. Террористік тұрғыда осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру шараларына қатысты ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен кездесуін аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиынға Түркістан облысының Полиция департаменті экстремизмге қарсы іс- қимыл басқармасының аса маңызды істер бойынша аға жедел уәкілі Ермек Сарсенбаев, Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Қанат Сыдықов қатысып, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар түсіндірілді.
Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі N 416-I Заңына сәйкес Террористік тұрғыдан осал объектілер – аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық объектілер және стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілері, қауіпті өндірістік объектілер, адамдар көп жиналатын объектілер және олардың тізбесін және оларға қойылатын тиісті талаптарды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды; Аталған заңға сәйкес, адамдар көп жиналатын объектілер – сауда алаңы 500 және одан да көп шаршы метр болатын сауда объектілері, 100 және одан да көп отыратын орны бар қоғамдық тамақтану объектілері; көп адамдардың келуіне арналған немесе дайындалған, бір мезгілде 200 және одан да көп адамның болу мүмкіндігі бар, өздеріне жапсарлас ашық аумақты қоса алғанда, концерт залдары, спорт, ойын-сауық, көлік және өзге де көпшілік ғимараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, туристерді орналастыру орындары болып табылады.
Сала мамандары жиын тақырыбы негізінде баяндама жасап, террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастырудың мақсаты терроризм актісін жасауға кедергі келтіретін жағдайлар жасау (объект аумағында терроризм актісін жасау тәуекелін азайту) және ықтимал террористік қатерлердің салдарын барынша азайту және (немесе) жою болып табылатынын жеткізді.
Жиын барысында кәсіпкерлер, халық көп шоғырланатын мекеме басшылары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан кеңес алды.