Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » АЙТЫЛҒАН ӘРБІР МӘСЕЛЕНІҢ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ

АЙТЫЛҒАН ӘРБІР МӘСЕЛЕНІҢ ЗАҢ АЯСЫНДА ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ

Билік пен бұқара арасындағы өзара қарым-қатынас қашан да өзекті. Соның бір айғағындай түрлі деңгейдегі әкімдік есігінің алдына қарауыл қойып, шағым айт­қан тұрғындарға шекесінен қарап, маңайына жолатпайды. Осы бір үрдіс адамдардың жүйкесіне тигені сондай, әкімдікпен кеңесуден қаймығып қалғандар да жетерлік. Әкімдікке тек қана кезекші ақылгөйлер мен бата бергіш қарт­тар, бірдеңе дәметіп, басшыларды айналшықтап шықпайтындар ғана емін-еркін кіретінін көріп те, естіп те жүрміз. Бұл билік пен халық арасындағы байланысты шиеленістіріп жіберді. Көптеген емен есіктер әлі де тарс жабулы.

Міне, осы тоңды жібіту үшін де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16-наурызындағы «Жаңа Қазақ­стан: жаңару мен жаңғыру жолы» ат­ты Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауында Жаңа Қазақ­станды азамат­тық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру мақсатында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын ұсынды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет­тік институт­тардың рөлін арт­тыру, азамат­тардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін ұдайы айтып келеді. Бүгінгі әлеумет­тік-экономикалық жағдайларға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оны шешу жолдарын да көрсетіп берді. Мемлекет басшысы билік пен бұқараны жақындастыра түсу мақсатымен бұдан басқа да тәжірибелерді қолданысқа енгізді. Айталық, Қазақ­стан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кез­десулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы негізінде облыс, аудан, қала әкімдері ай сайын дерлік халық алдына шығады. Кез­десуге келетіндер алдын ала жазылып, ұсыныс-пікірлерін айтады. Мұнан соң әкімдер жергілікті тұрғындарды жеке қабылдайды. Қабылдауға келгендерге міндет­ті түрде жауап қайтарылады немесе көмек көрсетіледі.

Тамылжыған табиғатымен талайды тамсындырған Төлеби ауданының шұрайлы жеріне қызығушылық танытушылар өте көп. Сондықтан болар, аудан тұрғындары арасында көп таралғаны – жер дауы. Алаш азаматы Ахмет Байтұрсынұлының: «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі»,- деген сөзін еске алып, жер дауы бұрыннан-ақ шиеленіске толы тақырыптың бірі болғанын аңғаруға болады.
Жерге қатысты халық арасындағы туындаған сұрақтар да күн тәртібінен түскен емес. Аудан әкімінің халықпен кездесулерінде, жеке қабылдауларда азаматтар жерге қатысты дауын шешіп, құжаттарын рәсімдеуде туындаған сұрақтарын да қойып жатады.
Бүгін, аудан әкімі Төлеген Телғараевтың өткізген жеке қабылдауына келген тұрғындардың басым бөлігі жер мәселесін сөз етті. Кейінен электр бағаналарын ауыстыру, жол, ауыз су сапасына қатысты сұрақтарын қойды.
Қайнар елді мекенінің тұрғыны Д.Амиров бастаған бір топ азаматтар Нұрлысай көшесіне электр бағаналарын орнатуды сұранса, Жаңажол ауылынан келген И.Қожахметов асфальтталған жол бойын шөп, жабайы тікендерден тазартуды өтінді. Қ.Өмірзақов бастаған Нысанбек ауылының тұрғындары Қақпатас әулиесіне баратын жолды жөндеу мәселесін сөз етіп, Жаңаұйым елді мекенінен келген бір топ азаматтар жайылымдық, егістік жерлерге қатысты туындаған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан кеңес алды. Біркөлік елді мекенінің тұрғыны Н.Қалдыханов жеке меншік жерінің мақсатын өзгертуді сұранып, мәселенің заң аясында шешу жолдары талқыланды.
Қабылдау барысында азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын жеке-жеке тыңдаған аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы әрбір тұрғынның көтерген мәселесінің орындалу барысы тұрақты өз бақылауында болатынын жеткізді.
Сондай-ақ, мәселелерге қатысты жауапты орынбасарлар мен бөлім басшыларына қабылдауда айтылған мәселелерді зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Пікір жазу