Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Жарылқасынұлы Иса Төлеби ауданына арнайы іс-сапармен келді.
Мәжілісмен Көксәйек ауылдық округіндегі №8 колледждің акт залында, Төлеби аудандық білім бөлімі ғимаратында өткен кездесулерде Парламент қабырғасында қабылданған Заңдар, депутаттық сауалдар, «Ақ жол» партиясының бастамасымен жүзеге асқан жобалар, халық игілігі мен ұлт мүддесі жолында атқарылған жұмыстар барысын баяндады. Кездесуді аудан әкімі Төлеген Телғараев ашып, депутаттың ауданға келген іс-сапарының мақсатын түсіндірді.
Президентіміздің саяси реформаларды іске асыруын қолдау бағытында депутат ретінде Үкімет отырыстарында көтерген мәселелері мен шешу жолдарын әңгімеледі.
Кездесу барысында тұрғындар мемлекеттік қызметке орналасу үшін талаптарында мемлекеттік тілді білуі маңызды деп көрсетілгенімен тесттегі жауаптар жалпы білім көрсеткешіне енбейтінін айтты. Сондай-ақ, шетелдегі заңсыз активтерді қайтару бойынша сұрақтар қойып, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу үшін Сайрамсу өзені бойына аквапарк салынса деген ұсынысын жеткізді. Әйелдер зейнет жасын төмендетіп, жас отбасыларға тұрғын үй құрылысын жер телімдерін бөлу мәселелерін қозғады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қатысты туындаған сұрақтарын қойып, пікрлерін жеткізді.
«Жер тұтастығын сақтау үшін, ең алдымен Ел тұтастығы керек! Бүгінде елімізде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен тарихи реформалар қарқын алуда. Ұлыларды ұлықтау, ұлт мұратын орындау аясында игі істер атқарылып, халық қажетіне сай жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Әр қиындықтан сабақ алуға тиіспіз. Қасіретті басталған жылды қасиетті істерге, жақсылыққа жалғастырып алып кету елге, сіз бен бізге байланысты. Бірлігіміздің арқасында тірлігіміз дамып, берекемен – бағымыз арта бергей!», деді қорытынды сөзінде Қазыбек Жарылқасынұлы.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы ақын, публицист, тіл күрескері Қазыбек Жарылқасынұлына мағыналы кездесу өткізіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарына жауап беріп, ҚР заңдарына енген өзгерістерді түсіндіріп бергеніне алғысын жеткізді.