24 сәуірде «Қауіпсіз аула» және «Көрші назары» жобалары аясында Шымкентте «Тіркеу» жедел профилактикалық іс-шарасы бастау алады. Полиция қызметкерлері тіркелмей тұрып жатқан азаматтарды анықтайды. Сондықтан құжаттарыңызды тексеріп, тұрғылықты мекенжайларыңыз бойынша тіркеліп үлгеріңіздер. Қолға алған осы жедел профилактикалық іс-шара 28 сәуірге дейін созылатынын естеріңізге саламыз.
PS. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінен:
492-бап. Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының күнтізбелік он күннен бір айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тiркеусіз тұруы –
ескерту жасауға әкеп соғады.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тiркеусіз тұруы –
жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекет –
он үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Қазақстан Республикасында шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның күнтізбелік он күннен астам мерзімде тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз не тұруға ықтиярхатсыз немесе азаматтығы жоқ адам куәлiгінсiз не тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адам куәлігі жарамсыз болып тұрақты тұруы, сондай-ақ ішкі істер органдарын паспорттың, тұруға ықтиярхаттың не азаматтығы жоқ адам куәлігінің жоғалғаны туралы уақтылы хабардар етпеуі –
он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Осы баптың төртінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейін бір жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер –
жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертпе. Осы баптың бірінші бөлігінің Қазақстан Республикасы азаматтарының уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеусіз тұруы туралы талабы уақытша болатын (тұратын) жері бойынша бір айға дейінгі мерзімде тұратын уақытша тұрғындарға қолданылмайды.
Ескерту. 492-бап жаңа редакцияда — ҚР 22.12.2016 № 28-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Өз тілшімізден