Төлеби ауданы әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде 3 мәселе қаралып, орындалу барысы талқыланды.
Аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев баяндады. Бірінші мамыр ауылдық округі Тағайна елді мекеніндегі 200 орындық білім ошағының, Көксәйек елді мекеніндегі аудандық саз мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында ауданда 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Қостөбе шағын жинақты мектебі, Қазақстан, Б.Биболатұлы атындағы жалпы орта мектебі күрделі жөндеуден, 43 білім ордасы ағымдағы жөндеуден өтуде. 2024-2025 оқу жылына жалпы саны 87841 дана оқулыққа тапсырыс беріліп, 68 мектеп интернетпен 100% қамтамасыз етілген.
Жиынның күн тәртібіндегі екінші мәселе ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, 2024 жылдың 6 айының кіріс бөлігі нақты 2 млрд 519 млн теңгеге, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің кіріс жоспары 187,9 пайызға немесе 276 млн 583 мың теңгеге артығымен орындалған. Бюджеттің шығысы 1 шілдеге жоспар толығымен жүзеге асты. Өндірілген өнім көлемі 6 айда 27 млрд 864 млн теңге. Тартылған инвестиция көлемі 13,8 млрд теңге. Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының Төлеби ауданы бойынша нысаналы индикаторлардың декомпозициясының орындалуы барысы талқыланды.
Ветеринария саласында атқарылған жұмыстар барысымен «Төлеби аудандық ветеринариялық қызмет» МКК басшысы Керімжан Оңланбаев хабарлады. Ауданның санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы бойынша Ақерке Еркінбекова баяндады.
Мәжіліс күн тәртібінде қаралған әрбір өзекті мәселе бойынша аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Жаңа оқу жылына дайындық барысында құрылысы жүріп жатқан, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылыс жұмыстарын уақытылы және сапалы аяқтауды тапсырды.