Бүгін аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов аудандағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жөндеу жұмыстарының барысын пысықтады, – деп хабарлайды Jetpisbai.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдымен Темір, Қарғалы ауыл округтерінде болып, С.Әлиев және Отырар жалпы білім беретін мектептерінің жөндеу жұмыстарының барысын көрді. С.Әлиев шағын жинақты мектебіндегі сынып бөлмелерінің едендері мен қабырғаларын жөндеу, Отырар жалпы орта мектебінің шатырларын ауыстыру, сырлау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Отырар аудандық білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінің ғимараттарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық білім басқармасы арқылы қаржы қаралып, мердігерлер анықталған. Сондай-ақ, Көксарай ауыл округіндегі Айгөлек балабақшасы мен Маяқұм ауыл округіндегі Ш.Уәлиханов мектебінің жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары атқарылуда.
Аралау барысында аудан әкімінің орынбасары мердігер мекемелердің жұмысшыларымен кездесіп, тиісті жұмыстарды сапалы әрі бергіленген мерзімде жүргізуді ескертті. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына мектептердің жаңа оқу жылына дайын болуы керектігін айтып, жөндеу жұмыстарының уақытылы сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.
© Didarbek.kz