Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Келес ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мерекелік жиында Келес ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Сариев сөз сөйлеп, фестивальдің маңызына тоқталды. Аудан жетістігіне тоқталып, келген көрерменге алғысын жеткізді.
Шара барысында Сержанәлі Әлібек, Әділет Жауғашар және Серік Ибрагимов пен Әбіджаппар Әлқожа сынды эстрада жұлдыздарының және аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер сүйер қауым қосыла ән шырқап, әсем биімен кештің сәнін кіргізді.
Екі күнге жоспарланған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы. Алғашқы күні Этноауыл кешенінде келушілерге ұлттық сусындар ұсынылды. Ауданның қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылды. Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлер көрінісін сахналады. Қылқалам шеберлері мен кітап көрмесі жасақталды. Ауданда өндірілетін тауарлар көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ұлттық тағам түрлері таныстырылды. Сонымен қатар аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы әзірленіп, айтыс өтті. Халық әндері, жыр-терме, дәстүрлі әндер шырқалды. Екінші күні күндіщ ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды.
Айта кетейік, алдағы аптада өнер көшін Түркістан қаласының және Жетісай ауданынының өнерпаздары жалғастырады.
© Didarbek.kz