Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазақстан жаңалықтары » Түлкібастық жас кәсіпкер сабын өндірісін ашып, кәсібін дөңгелетуде

Түлкібастық жас кәсіпкер сабын өндірісін ашып, кәсібін дөңгелетуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде халықтың табысын арттыру, жанар жағармайдың бағасын тұрақтандыру, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы және бизнестің «Бизнестік жол картасы» бағдарламалары шеңберінде Оңтүстік өңірлер үшін жекелеген бағыттар әзірлеу жүктелді. Сондықтан бұл бағдарламаларға баса назар аударылуда. Облысымызда осы бағыттарда жұмыс күшейтілу барысында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Еліміздегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар шалғай ауылдарды да аудан стандартына сай әрі модернизацияға лайық етіп, жаңа бір деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Жаңа жоба шеңберінде жастар жұмылып жұмыс істеп, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға ат салыса алады. Ауыл тұрғындарының материалдық әл-ауқатын көтеру үшін кәсіпкерлердің де үлесі зор болмақ.

Бүгінде Түркістан облысында Ауыл — Ел бесігі жобасы аясында аудандарда бірқатар жобалар іске асып келеді. Мәселен Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданы,  Тұрар Рысқұлов ауылының тұрғыны Жидебай Ермахан Әбдіқалиұлы кір сабын шығарып, ауданымыздан бөлек өзге аудан, облыстарды отандық өніммен қамтып отыр. Кәсіпкер 2023 жылы АҚ «Аграрлық несие корпорациядан” 2,5 пайызбен 5 млн теңге жастарға арналған микро несие алған болатын. Қазіргі таңда сабын өндірісін ашып, кәсібін дөңгелетуде.

Ермахан Әбдіқалиұлының негізгі мамандығы — «Қазақтелеком» АҚ-байланыс саласы. Алайда, өз мамандығы бойынша жұмыс жасаудан гөрі жеке кәсіппен айналысуды жөн санаған. Небәрі 23 жасар жас кәсіпкер игі бастаманы қолға алғанға дейін, саудада жүргендігін, кейінен осы істі біраз ойлап, зерделей келе сабын шығарумен жұмысын бастап кеткен. Сонымен қатар, сұйық сабын, киімді ағартуға арналған, терезе жууға арналған, ыдыс жууға арналған сұйық сабын, шашқа арналған сұйық сабын өнімдерін шығаратын бұл цехта 3 адам жұмыс жасайды. Ағасы Алихан екеуі біраз шыңды бағындыруда.
«Жалпы кір сабын шығару туралы идея өткен жылдан бастап ойымнан шықпай қойды. Алғашында негізгі жұмысымнан қарап жатпай, қосымша табыс тапсам деген ой маза бермей жүрді. Осылайша іздене бастадым. Интернеттен қандай тауарға сұраныстың бар екендігін іздеп, кір сабын шығару идеясына тоқтадым. Оның себебі де бар. Өйткені ауданымызда тұрмыстық сабын шығаратын адамдар санаулы. Ең алғаш Майтөбе ауылының тұрғыны кәсіпкер Әлихан Джарабаев ағамыз осы істі «LADY» атауымен алып келіп, дөңгелетті. Мен сол ағамның артынан еріп келемін», -дейді жас кәсіпкер.(күліп)
Сабын шығаратын станоктарды арнайы Тараз, Шымкент, Алматы қалаларынан тапсырыспен алдыртқан. Алдымен үлкен ыдысқа қажетті шикізатты, малдың іш майы мен қолданылған күнбағыс майын, басқа да қоспаларды салып қайнатады. Қоймалжың затты аппаратқа құйып, сығындап алып, оны кептіре отырып арнайы қалыптарға салып, сабын етіп шығарады. Дайын сабынға қызып тұрған кезінде «LADY» деген мөрді басамыз. Осылайша сабын дайын болады. Кәсіпкер жұмысы өзіне ұнайтындығын, күніне тынымсыз еңбек етіп, мың жарым сабын шығарып өзіміздің отандық өнімді тұтынуға шақырады. Оның айтуынша, қазір ауылдан шыққан таза өнімдерді Түлкібас ауданынан бөлек Қазақстанның әр аймағынан 45 мекемелермен келісім шартқа отырған. 200 грамдық кір сабынның бір данасы 150 теңге болса, 250 грамдығы — 170 теңге, 300 грамдығы — 190 теңге.
Жастайынан еңбекқор, ауылда тұрса да өз идеясын жүзеге асырған Ермахан осылайша көптің алғысын алып, ауыл халқын таза, отандық өніммен қамтып отыр. Ол болашақта цех ғимаратын салып, кәсібін бұдан да кеңейткісі келеді. Оның ендігі жоспары — иіс сабын шығару және ауылдың бірнеше тұрғынын тұрақты жұмыспен қамту. Біле білген адамға кір сабынның пайдасы мол. Адамның терісіне жара шықса, көгерген кезде, сондай-ақ аллергиясы, иіссабынға қарсы көрсетілімі бар адамдарға осы таза өнімді пайдалану керек. Қазір жер-жерден тапсырыс берушілер сабынның сапалы екенін айтып, ризашылықтарын жеткізуде. Бағасы да басқаларға қарағанда едәуір арзан. Сондықтан барша тұрғындарға отандық өнімді пайдалануға кеңес береміз.

Пікір жазу