Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан аумағында бірнеше жыл тоқтап, қайта іске қосылып жатқан бірнеше кәсіпорынға жауапты мамандармен арнайы барып, бүгінгі жағдайын бақылады.
Солардың бірі, Түлкібас кентіндегі «Азия фуд» ЖШС бүгінгі таңда қайта іске қосылды. Тәулігіне 150 тонна бидайдан ұн шығаруға қауқарлы кәсіпорынды Дулгер Каган есімді Түркі елінің азаматы 1 жылға жалға алып, қазіргі таңда 10 млн.теңгедей қайта іске қосуға қаржы жұмсаған.
Нысанда 20 адам жұмыспен қамтылып отыр. Нысан толық қуаттылығымен жұмысын бастаған жағдайда қосымша 20 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда.
Кәсіпкермен нысан басында сұқбаттасқан Нұржан Жақсылықұлы аудан әкімдігі тарапынан кәсібін әрі қарай дамытуға Заң талаптарына сай қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Өз ойымен бөліскен кәсіпкер алдағы уақытта макарон өнімдерін шығару жоспарында бар екенін жеткізіп, аудан басшысына көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Түлкібас кентінде орналасқан «Түлкібас әк зауытына» табан тіреп, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.
Бүгінгі таңда, құрылғылары әбден тозығы жеткен әк зауытын қайта модернизациялаудан өткізу жұмыстары жоспарлануда.
Қазіргі таңда зауыт басшысы Қасқырбекова Перизат мемлекеттік қолдаулар тетігі арқылы зауыт қуаттылығын 8 есеге арттыру мақсатында Қытай елінен 1 млрд. 700 млн. теңгеге 2 құрылғыны алып келуді жоспарлауда.
Аудан басшысы іскер анаға сәттілік тілеп, бастап жатқан ауқымды жобасына аудан әкімдігі тарапынан әрі қарай да барлық қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізді.
Содан соң, Нұржан Жақсылықұлы Күмісбастау елді мекенінің маңындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан ауыз су және түрлі-түсті сусындар шығаратын «Beibars Bottlers» ЖШС зауытына ат басын бұрды.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған нысанға заманауи жоғары сапалы Италия және Нидерландық құрылғыларды орнатылу жұмыстары бастау алған.
Зауыт толығымен іске қосылған жағдайда қуаттылығы жылына 65 мың мен 85 мың тонна шамасында болмақ. Бұл жерде 96 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Жалпы, Түлкібас ауданында шағын және орта бизнесті дамыту бағытында бірқатар шаруалар атқарылуда. Бүгінде Түлкібас ауданында 32 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Биыл ауданда шағын орта бизнес саласындағы кәсіпорындар саны 10 мыңға жетіп, жаңадан 12 720 жұмыс орны ашылды.
Жуырда ғана Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе елді мекенінде сүт өнімдерін өңдейтін цех ашылған болатын. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жұмысын бастаған аталмыш цех тәулігіне 2,5 тоннаға дейін сүт өндей алады. Түлкібас ауданына іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Майтөбе сүт» өндірістік кооперативіне барып, сүт өңдеу цехының ресми ашылуына қатысты.
– Ауыл шаруашылығында өнімді терең өңдеу саласына мән берген жөн. Өндіріс көлемін ұлғайтып, сапалы өнім шығару және оны экспортқа жөнелту – негізгі міндет. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі, – деді Дархан Сатыбалды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін ашқан кәсіпкер Бақытжан Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда ғимаратты толық талапқа сай етіп жөндеуден өткізіп, 44 млн. 250 мың теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Кеткен шығынның 27,6 млн. теңгесі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылса, қалғаны кәсіпкердің өз есебінен бөлінген. Бұл жерде май, қою сүт, құрт, сүзбе, айран және қаймақ өңделіп, «Майтөбе сүт» деген брендпен сауда қатарларына жол тартады. Алдағы уақытта нысанда 2 ауысыммен 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қосымша қолдау сұраған кәсіпкер бір жыл ішінде жұмсаған қаржының өтелетінін алға тартты. Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарамасы аясында 242 өтінім мақұлданып, соның 1 млрд. 411 млн. 502 мың теңгені құрайтын 220 жоба қаржыландырылды.
Одан соң өңір басшысы Дархан Сатыбалды Майтөбе ауылындағы аурухананың қазіргі жағдайымен танысты. Бүгінде ғимараттың тозығы жеткен. Ауруханаға қарасты терапиялық бейіндегі 13 төсекке арналған Мичурин стационарлық бөлімшесінің ғимараты осыдан 58 жыл бұрын салынған. 13 төсек- орны терапия бөліміне, 50 төсек-орын неврологиялық оңалту бөліміне арналған. Аудан орталығына арақашықтығы – 26 шақырым. Аурухана екі қабатты ғимаратта орналасқан. Аурухана ғимараты жөндеуді қажет етеді. Өңір басшысы тиісті сала басшыларына денсаулық сақтау нысанының мәселесін назарға алып, жұмыс жүргізуді тапсырды.