Осыдан екі жыл бұрын жарамсыз деп танылған Түлкібас ауданы орталығына қарасты Жанкент мөлтек ауданындағы спорт мектебінің ғимараты бүгінгі таңға дейін облыстық тиісті басқарманың теңгерімінде болып келген-ді.
Биыл Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың бастамасымен аталған нысан аудан әкімдігінің теңгеріміне алу жұмыстары атқарылуда. Құжаттары толық реттеліп, аудан теңгеріміне өткеннен соң, жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы қаралып, қайта іске қосу жұмыстары қарқын алмақ.
Аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы жауапты орынбасары және мамандармен бірге ғимаратты толық аралап, оны қалпына келтіру бойынша атқарылу қажет жұмыстарды егжей-текжейлі талқылады.
Аудан басшысы бірінші кезекте білікті құрылыс мамандарын шақыртып, ғимараттың жарамды немесе жарамсыз екенін толық зерттеуді жауапты орынбасарына тапсырды. Содан соң, олардың берген негіздемесі аясында тиісті жұмыстар жалғасын табатындығын тілге тиек етті.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда аталған ғимарат толық қоршауға алынып, қарауыл қойылған. Ал, сыртындағы кіші футбол және балалар ойын алаңшасы қолданыста.