Өткен жылдан өтпелі болып жүрген аудан орталығына қарасты Бақыбек мөлтек ауданындағы 300 орындық заманауи мектептің бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда қабылау жұмыстары жүргізілуде.
Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов аталған білім ордасына арнайы табан тіреп, атқарылған жұмыстарды арнайы мамандармен аралады.
Үш негізгі корпустан тұратын заманауи білім ордасында балаларға орта білім алуға барлық жағдай жасалған. Іші толық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталып, жаңа оқу жылына дайын. Бір ғана мәселе, оқушылар келетін жолды реттеу жұмыстары ғана қалып отыр.
Аудан басшысы аталған мәселені тездетіп шешу мақсатында, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеп, мерзім белгіледі. Сонымен қатар, білім бөлімінің мамандары мен тиісті мекеме басшыларына балалар қауіпсіздігін қатаң сақтау мақсатында мектеп айналасындағы құдықтардың бетін бітеп, трансформаторларды дереу қоршау қажеттігін ескертті.
Бұдан соң, Нұржан Жақсылықұлы қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүріп жатқан Жанкент мектебіне арнайы ат басын бұрып, ол жердегі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылады.
Бүгінде 40 пайызға жуық жұмысы аяқталған мектеп сыртын қаптау жұмыстары тамыз айының үшінші онкүндігінде толық аяқталып, жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда ауданда дәл осында жеті мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде, Алғабас мектебі аяқталған болса, Молдағұлова мектебінде атқарылуда. Сейфуллин, Ұрбұлақ, Макаренко және Уалиханов мектептерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары мердігерлер анықталғаннан соң бастау алмақ.
Сонымен қатар, аудан әкімі мектептерді аралау барысында Ынтымақ ауылындағы А.Оразбаева мектебінде болып, жаңа оқу жылына дайындық барысын бақылады. Өткен жылдан өтпелі болып, күрделі жөндеуден өткен мектептің директорына құрылыс жұмыстарынан кейін анықталған кемшіліктерді жауапты мердігерге жойғызу мақсатында нақты тапсырмалар жүктеп, мектеп ауласын көріктендіру, көгалдандыру бойынша біршама ескертпелер жасады.