Көп жылдан бері Түлкібас ауданы, Машат ауылының ауыз су мәселесі аймақтағы өзекті мәселенің бірі болып келген-ді.
Биыл жергілікті тұрғындардың көкейінде жүрген бұл мәселе өз шешімін табуда.
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аталған елді мекенге 32 шақырым жаңа су құбырын тарту жұмыстары бастау алып, 2 дана 300 кубтық су жинағыш орынның құрылысы жүруде. Бұл жұмыстар аяқталған жағдайда 357 абонентке тәулігіне 24 сағат сапалы ауыз су беріледі деп күтілуде.
Машат ауылына аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстар барысын бақылады.
Ауыл белсенділерімен бірге нысанның басында жауапты мердігермен кездесіп, құрылыс жұмыстардың сапалы әрі уақытында аяқталуын тапсырды. Әр жұмысты құрамында жауапты мамандар, ауыл белсенділері мен ауыл депутаты бар комиссия мүшелеріне қатаң бақылауда ұстауды ескертті.
Сонымен қатар, аудан басшысы жауапты мамандармен өткен жылдары дәл осындай су жүйесі қайта құрылымдаудан өткен Азаттық елді мекенінде болып, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл жанашырлары көтерген су жүйесіне қатысты біршама кемшіліктерді тез арада ретке келтіру бойынша жауапты бөлімге нақты тапсырма жүктеді.
Бұл жерде су қысымы жетпей тұрған көшелерге қосымша ұнғыма қазу жұмыстары жүргізіліп, істен шыққан су реттегіш құрылғылары жаңартылмақ.