Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында №13 қалалық емхана қызметкерлерімен кездесті. Мәжіліс депутаты медицина мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлердің ұсыныстарын тыңдады. №13 қалалық емханада бүгінде 45 мың тұрғын тіркелген.
Таңсәуле Ғабдыманапұлы медициналық қызметтің сапасын жақсарту бағытында мамандармен әңгімелесіп, ұсыныстарды тыңдады. МӘМС жүйесі, онкологиялық аурулардың алдын-алу, қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі өзекті екенін атап өтті.
– Медицина саласы әрдайым серпілісті, жаңа өзгерістерді қажет етеді. Парламент қабырғасында депутаттық сауалдардың жартысы медицина саласына қатысты. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатыр. Заң шеңберінде қарастырамыз. Жалпы бүгінде онкологиялық аурулардың алдын алуға, медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасына мән беру керек. Мамандардың жұмысқа деген құштарлығы болуы қажет, – деді Мәжіліс депутаты.
Қазіргі таңда емханаға 650 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Кездесуде қызметкерлер ендігі ретте ғимаратқа лифт орнату қажет деген мәселені жеткізді. Сондай-ақ, компьютерлік томография құрылғысы тапшы екені айтылды.
Сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Н.Бекназаров №6 қалалық емхананың қызметімен танысып, мамандармен әңгімелесті. №6 емханаға бүгінде 60 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Өткен жылы Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдар арасында алғаш болып «Үздік тәжірибелік орталық» жүйесі енгізілген еді.
Нұрлан Құдиярұлы «Алдын-алу және әлеуметтік психологиялық көмек көрсету», «Халық кеңесі» кабинетінің жұмыс барысын аралап көрді. Емхананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ұлбала Ерғалиқызы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын егжей-тегжейлі таныстырып өтті.
Сенатор «Үздік тәжірибелік орталық» қызметтері, фронт-офис, денсаулық мектептері, пациенттерге медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруда қолға алынған жұмыстарды оң бағалады. Тұрғындармен психологиялық-моральдық қатынасты жақсартудың маңызы зор екенін айтып, ендігі кезекте жаңа бөлімдердің жұмысын халыққа кеңірек түсіндіру қажет екенін мәлімдеді.

Пікір жазу