Шымкент қаласында Мемлекет басшысының тапсырмасымен мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы өз бастауын алды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы оқу орындарының тапшылығын шешуге, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған.
Аталмыш бағдарлама аясында Шымкент қаласында 12 мектептің құрылысы басталған. Олардың 9-ы қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Ал, қалған 3 мектеп жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарлануда. Осыған байланысты Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Ақылбекқызы Шәмшиева «Тұран-2» шағын ауданындағы №144 ЖОББМ КММ-нің құрылыс алаңында жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында азаматтар білім ғимараттарына қатысты ұсыныстары мен өтініштерін білдірді. Ұлттық жоба аясында салынып жатқан барлық мектептер заманауи оқу жабдықтарымен және жиһаздармен жабдықталатын болады. Ыңғайлы мектептердің жобалары қауіпсіз білім беру ортасын құруға бағытталған және мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке кіреберістері, спорт залдары мен асханалары бар бөлек блоктар қарастырылған.
Білім басқармасының басшысының айтуынша Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарланған. 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталып, ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал, қалған 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2025 жылы аяқталмақ. Еске салсақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы оқу орындарының тапшылығын шешуге, апатты мектептерді және үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары республик бойынша 740 мың оқушы орны бар 369 мектеп салу жоспарлануда, оның ішінде биыл 217 мектеп ашылады деп жоспарлануда.