Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ТАЗА БЕЙСЕНБІ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛДЫҢ БОЙЫ ЖИНАЛДЫ

ТАЗА БЕЙСЕНБІ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛДЫҢ БОЙЫ ЖИНАЛДЫ

Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясының әр апта сайын ұйымдастыратын «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы бүгін жалғасын тапты. Науқанға Аманат партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұрат Жолдыхожаев бастаған мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, қалалық “Жастар рухы” ЖҚ белсенділері, «Жасыл ел» жасақтары, сонымен қатар белгілі спортшылар мен жастар арасында өнерімен танылып жүрген «Жайдарман» жастары қатысты.
Тазалық науқанына жиналған 400-дей көңілді қауым республикалық маңызы бар А-2 айналма жолының бойын қоқыстан тазартты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқанын бастай отырып, бұл бір реттік акция емес екенін ерекше атап өтті. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ және басқа да нысандар назардан тыс қалмауға тиіс. «AMANAT» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. Апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз. Осы мақсатта ластанған аумақтардың Картасы әзірленді. Ел азаматтары, өскелең ұрпақ табиғатты аялағанын, тазалықты сақтап, әдебі мен мәдениеті қалыптасқанын қаласақ, экологиялық сананы қазірден қалыптастыруымыз керек. Оны ең алдымен өзімізден бастаған жөн. Сондықтан, қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша қазақстандықты «Таза бейсенбі» акциясына қосылуға шақырамыз, – дейді Мұрат Жолдыхожаев.
Спортшылар мен көңілді жастардан құралған топ көз алдымызда жол жиегін әп сәтте қоқыстан тазартып, арнайы көліктерге тиеп те үлгерді. Әзілкеш жайдарманшылар да ел ағаларына ілесіп, қала тазалығына үлес қосқандарына риза. Сонымен қатар «Жасыл ел» жасағының қыз-жігіттері «жинаған жер емес, қоқыс тастамайтын жер таза екенін» айтып, жастарға ұран тастап жүр.
Ұзақ мерзімге жоспарланған экологиялық акция барысында партия мүшелері аптаның әр бейсенбісінде бекітілген учаскелерде тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыру мен инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді де шешуге атсалысып жүр.

Пікір жазу