Аудандық орталық Мәдениет сарайында «DIGITAL KAZAKHSTAN: ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ» тақырыбында педагогтердің аудандық дәстүрлі тамыз конференциясы өтті,– деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Конституция күні қарсаңындағы маңызды жиынға қатысқан аудан әкімі Азизхан Исмаилов баршаны алдағы жаңа оқу жылымен құттықтап, саланың үздіктерін марапаттады.
“Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгерді. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды.
Президент тапсырмасына сәйкес елімізде «2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту» тұжырымдамасы бекітілді. Осыған орай, бүгінгі күні – білім беру саласында цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, елімізде жасанды интеллект білім беру саласына да белсенді түрде енгізілуде. Аталған бағытта атқарылар іс те ауқымды.” – деді аудан әкімі.
Конференция барысында білім берудегі цифрлық инновациялар, жасанды интеллект технологиялары, білім беру жүйесін дамытудың бірыңғай ұстанымдарын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Инновациялық жобалар мен цифрлық платформалардың арнайы көрмесі ұйымдастырылды.
© Didarbek.kz