Фосфоршылар сарайы бұзылатын болды. Кезінде жеке меншікке өтіп, кейін мүлдем қараусыз қалған мәдениет ордасы талан- таражға түсіп, мүлдем жарамсыз болып қалғанына да біраз жыл болды.
Сол себепті де қаланың көркін бұзып тұрған нысан 2023 жылдың қараша айында коммунальдық меншікке өткен болатын. Кейін сарапшылар сарайдың жай-күйін зерделей келе, нысанды қалпына келтіру мүмкін еместігін айтты.
Осыдан кейін 1975 жылы салынған Мәдениет сарайының ғимаратын бұзу туралы шешім қабылданды.
Қабылдан шешім бойынша қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп, «Фосфоршылар сарайының» ғимаратына қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын да жүргізді.
Енді ескі ғимараттың орнына бұрынғы тарихи келбеті сақталған, заманауи мәдениет сарайы салынатын болады.
Нысанның құрлысымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналыспақ. Нысан құрылысын күзде бастау жоспарлануда.
Бүгінде Қордың тапсырысы бойынша мәдениет сарайының дизайн-жобасы әзірленді. Жобаға сәйкес ғимарат көркем ромб пішінде, ою-өрнектермен көмкеріліп,тарихи және заманауи нақыштарды үйлестіре отырып салынбақ.
Жаңа мәдениет сарайында өнер, түрлі кәсіптік бағытқа баулитын үйірмелер жұмыс істейтін болады.
Көпшілік көз айымына айналатын орталық аумағы абаттандырылады, маңына жасыл желек отырғызылады.
Сондай- ақ, жобада субұрқақтар мен аллеялар, балалар және спорт алаңдары да қарастырылған.
Сонымен бірге, Шымкентте соңғы кезде бірқатар нысанның мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Солардың қатарында — «Мұз сарайы» да бар.
Айта кету керек, қала жанашырлары “Мұз сарайының” тағдырына алаңдаулы болды. Өйткені, бұл мегаполисте қысқы спорт түрімен шұғылданатын жалғыз орын болатын.
Ал ғимарат осыдан жеті жыл бұрын «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС-не 128 миллион теңгеге сатылған болатын. Сол кездегі нысанды бағалау құны 996 миллион теңге болған екен.
Жеңімпазбен шарт жасалғанмен, алайда келісімде нысанның бейінін сақтау көрсетілмеген.
Қала прокуратурасы бұл нысанға тексеру жүргізіп, мемлекеттік мүддеге қайшы ұйымдастырылған аукцион барысында бірқатар заң бұзушылық анықтады.
Осыған орай, қадағалау органы Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына мемлекеттің үлесін сатып алу келісім-шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады.
Нәтижесінде, сот шешімімен қалалық прокуратураның арызы қанағаттандырылды. Осылайша, «Мұз сарайы» мемлекет меншігіне қайтарылды.