Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » МӘМС жарналарын аудару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

МӘМС жарналарын аудару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Жоғарғы оқу орындарының қызметкерлері ұзақ мерзімді демалысқа шыққанда ай сайынғы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары қате аударылып, сақтандыру мәртебесінен айырылған жағдайлары жиі орын алады.

Салдарынан білім саласының мамандары өздеріне тиесілі медициналық көмекті ала алмай әуреге түсетіні рас. Түптеп келгенде бұл мәселе жұмыс берушілердің жауапкершілігінде. Сондықтан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден қаладағы бірқатар жоғарғы оқу орындарының қызметкерлердің жалақылары мен төлем аударымдарын жүзеге асыратын есепшілерімен кездесіп, МӘМС жарналарын аудару бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қалалық “Жастар орталығында” өтті. Кездесу барысында тараптар өзекті мәселені талқылап, өзара пікір алмасты. Жиында атап көрсетілгеніндей, ұзақ мерзімге демалысқа шығатын қызметкерге біржолғы демалыс төлемі кезінде сақтандыру мәртебесін сақтау үшін МӘМС аударымдары мен жарналары әр айды жеке көрсете отырып, әртүрлі төлем тапсырмаларымен төленуі тиіс.

Яғни, егер демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтыса, онда МӘМС төлемдерді кезеңдер бойынша бөлу қажет. Мысалы, қызметкер шілде және тамыз айларында демалыста болғанда, жұмыс беруші төлемдерді бір емес, екі түрлі кезеңге (шілде және тамыз) есептеп, төлеуі керек. Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені бірнеше жолмен тексеруге болады. Бұл қызмет бүгінде Қазақстан Халық банкі, ЦентрКредит Банкі және Kaspi Bank мобильді қосымшаларына да енгізілген. Сондай-ақ Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы , fms.kz ресми сайты мен Telegram-дағы @SaqtandyrýBot , 1414 байланыс орталығы және Damumed мобильді қосымшасы арқылы анықтауға болады.

Пікір жазу