«Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету министрліктің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Аудан ауыз сумен, электр жарығымен 100 пайыз қамтылған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекова мәлімдеді. Сондай-ақ, брифингте аудандағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталып өтті.
Абай ауданы аумағында 27 елді мекенде 55 159 жеке сектордағы үй, 205 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Жалпы саны 257,7 мың халық орналасқан ауданда 1274 көше мен 230 әлеуметтік нысандар бар.
Бүгінгі таңда ауданды инфрақұрылым жүйелерімен қамту кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Мәселен Абай ауданының 23 елді мекені табиғи газбен 85,2% қамтылған. Ал қамтылмаған елді мекендер пайыздық көрсеткіште 14,8% құрап отыр. Сондай-ақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы жарықтандырылған көшелердің үлесін арттыру мақсатында 86 көшеге бюджеттік өтінім беріліп, 500,0 млн.тг қаржы қаралған.
— Абай ауданы бойынша 27 елді мекеннің бүгінгі таңда 7 елді мекені кәріз жүйесімен қамтылған. Ал, 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ауданның инфрақұрылым жүйелерімен қамту көрсеткішіне тоқталар болсақ, аудан сапалы ауыз су және электр жарығымен 100% қамтылған. Қазіргі таңда Асар-2 шағын ауданында электр жарығымен қамту бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Көшелерді жөндеу жұмыстарына сәйкес осы жылы 4,3 млрд.теңге бөлініп, 74 көшеге 60,1 шақырым асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде, — деді Гүлнұр Асылбекова.
Халық қатысатын бюджет жобасы аясында Жиделі шағын ауданына 1 гүлзар салу жоспарланып, құрылысы басталды. Жоба құны – 76,1 млн.теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар Абай ауданы «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарына жұмыла атсалысып келеді.