Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында туризм салалық кеңесінің отырысы өтті. Онда туризмге байланысты бірқатар мәселе талқыланды. Жиынға Палата қызметкерлері, туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы, кәсіпкерлер қатысты. Қалалық әкімдік өкілдері Шымкенттің туристік әлеуеті жоғары екеніне тоқталды.
Жиында кәсіпкерлер саябақтарға көпшілік тамақтану орындарын орнату бойынша ұсыныстарын жеткізді. Айтуларынша, қыдырып жүрген азаматтар, оның ішінде шетелдік туристер тамақтану орындарын іздейді әрі жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын сатып алуды қалайды.
Бұл ұсынысқа Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері ерекше қорғалатын табиғат аймақтары туралы заңға сәйкес, мысалы, дендросаябақ ерекше қорғауға жататынын айтты. Тамақтану орындарын саябақтардың ішінде емес, тек аумағының сыртында, көлік тұрағында орналастыруға болады дейді басқарма өкілі. Оның ішінде тек белгілі бір өнімдерді ғана сатуға рұқсат етіледі.
Дегенмен, кәсіпкерлерге кейбір саябақтардағы белгілі орындарға дайын өнімдер сатуды ұйымдастыру үшін өздерінің концепцияларын әзірлеп, ұсыныстарын тиісті басқармаға жазбаша жеткізуге болатыны түсіндірілді.
Бұған қоса Шымкентте креативті индустрия саласы да дамып келеді. Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы қалалық креативті индустрия қауымдастығымен бірге Арбат демалыс аймағында жәрмеңке өткізуді қолға алған. Бұған дейін әр сенбі күні пилоттық деңгейде өткізілген жоба 3 тамыз күні ресми түрде ашылмақ. Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары сатылып қана қоймай, шеберлік сабақтары өткізіледі деп күтілуде. Басқарма басшысы алдағы уақытта қалада креативті хаб ашу да жоспарда бар екенін айтты.
Кеңес отырысында қала аумағындағы санитарлық-гигиеналық нүктелер жайы да талқыланды. Кәсіпкерлер бұл мәселенің аса маңызды, туристерді алып жүруге ескеретін жағдай екенін жеткізді.