Елбасы Н.Ә Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Отырар аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Батырлар жырын оқығанда …» атты 8-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында батырлар жырын мәнерлеп, жатқа оқудан дәстүрлі III-ші аудандық байқауы болып өтті.
8-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында қазақ халқының батырлық эпосын насихаттап, елдік пен ерлік рухын, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерді дарыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға 13 ауылдық округтен 13 оқырман балалар қатысып, бақтарын сынады. Байқауға «Отырар әдебиеті және өнері» бірлестігінің төрағасы С.Қыдыр, Отырар тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Б.Жаппаров, Отырар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры А.Рыскелді сарапшылық жасады.
Байқауға қатысушыларды Отырар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елтай Үмбет Базарханұлы құттықтап, сәттілік тіледі.
Үміткерлер «Батырлар ерлігі – ұрпаққа мұра» қазақ батырлар жыры бойынша қалаған батырлардың ерлік пен елдікті ту еткен іс-әрекетін дәріптейтін жерлерін жатқа айту, «Сөз серкесі – шешендік» қатысушы би-шешендердің айтқан билік, төрелік, аталы сөздерін мәнерлеп айтып беру шарттары бойынша сынға түсті.
Сарапшылар байқауға қатысушы оқырманның мәтінді оқу шеберлігіне, сахналық киімі мен өнер көрсету мәдениетіне ерекше назар аударды.
Байқау қорытындысында батырлардың ерлік пен елдікті ту еткен іс-әрекетін жатқа айтуда, би -шешендердің айтқан билік, төрелік, аталы сөздерін мәнерлеп айтып беруде шығармашылық қабілетін көрсете білген жеңімпаздар анықталып, марапатталды. Атап айтқанда, «Отырар» орта мектебінің 6 сынып оқушысы Лескенқызы Ұлбала I-орын, Ш.Қалдаяқов мектеп – гимназиясының 6 сынып оқушысы Әбиев Әлімжан мен «Көкмардан» орта мектебінің 5 сынып оқушысы Нұрлыбек Нұрсұлтан II-орын, М.Әуезов жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Төленді Данияр,мен Қ.Мұңайтпасов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ермахан Мерей III-орынды иеленді.
Рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеуді мақсат тұтқан байқау Елбасы айтқан ұлттық жаңғырудың бір тармағы қазақтың осы бір ерлік баянында, жауһар жырында жатқандығының көрінісіндей әсер қалдырды.
Отырар ауданы