Аудан әкімі Кайрат Жолдыбайұлы аудан орталығында орналасқан бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Отырар Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Аудан басшысы алдымен аудандық емхананың жайымен танысып, халық денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстардың барысын пысықтады.
Аралау барысында аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Әбдімәлікұлы емхананың негізгі бағыттары мен медициналық құрал жабдықтармен қамтылуы туралы айтып өтті.
Аудандық емхана жайы 2016 жылы пайдалануға берілген. Республикалық бюджет есебінен салынған нысанда ауысымына 250 адам қабылдай алады. Бүгінде емхана ғимаратының сыртқы қабырғалары түсіп, ішкі бөлмелерінің едендері тозған. Мекеме жайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құжаттамалары әзірленуде.
Аудан басшысы аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту және аурушаңдықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттарды мерзімінде тиісті орындарға ұсынуды, сондай-ақ мекеме ауласындағы көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыруды жауапты сала басшыларына тапсырды.
Мұнан соң аудан әкімі аудандық орталық ауруханада болып, ем алушыларға көрсетілетін стационарлық қызмет сапасын жақсарту жұмыстарымен танысты. Аудандық орталық аурухана тәулік бойы жұмыс атқаратын 171 және күндізгі стационарда 145 төсек орыны бар. Оның ішінде терапия бөлімі 40, балалар бөлімі 22, перзентхана бөлімі 15, гинекология бөлімі 8, хирургия бөлімі 14, жұқпалы аурулар бөлімі 25, оңалту бөлімі 21 төсек орынымен қамтылған. Ем алушыларға 118 дәрігер, 386 медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Ем алу бөлімдері заманауи медициналық құралдармен жабдықталған.
Аудан басшысы аралау кезінде бас дәрігерге елдің болашағы халықтың саулығына байланысты екенін жеткізе отырып, ауруханадағы әрбір ем алушыға қолайлы жағдай жасауға ерекше мән беруді тапсырды.
© Didarbek.kz