Шымкент қаласының тұрғындары Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі бастамасына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мұны тұрғындардың «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өтіп жатқан іс-шараларға белсенді түрде қатысуынан да байқауға болады.
Мәселен, бүгін Қаратау ауданындағы Қайтпас шағын ауданында өткен «Таза көше» атты іс-шараға жергілікті тұрғындар, белсенді, ерікті жастар, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері және еңбек ардагерлері де белсенді түрде қатысты.
Іс-шараға 120-дан астам аудан тұрғындары, 8 техника жұмылдырылып, 18 тонна қоқыс шығарылды. Тазалық шарасына қатысушылар Алматы тас жолы мен Қ.Төлеметов көшесінің бойында күл-қоқыстарды тазалап, жол жиектеріндегі қатты қалдықтар мен пласмас қалдықтарды (пакет, баклажка, қағаз және т.б) ретке келтіріп шықты.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындарды, әсіресе, жастарды айналамыздың таза болуын сақтауға өз үлесін қосуға шақырады. Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Шымкент қаласының жастарын осы игілікті шараға үлес қосуға шақырамын», — дейді «Жасыл ел» штабының Қаратау ауданы бойынша үйлестірушісі Нұрлыислам Қуаныш.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар бүгін Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданында да жалғасын тауып жатыр. Атап айтқанда, бүгін «Бадам-1» шағын ауданының аумағында «Таза аула» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауданынң белсенді жастары, ауыл тұрғындары елді мекен аумағын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып, жол жиектеріндегі шөптерді орып, ағаш бұтақтарын тазалады. Аталған іс-шарадан кейін аулалардың өңі өзгеріп, айнала тазарып шыға келді.
«Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сол себепті өзіміздің сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысу – әрбіріміздің азаматтық борышы деп білемін», — дейді Еңбекші ауданы, Бадам-1 ауылының төбе биі Тулеев Әмірхан ақсақал.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, жас ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздейді. Тазалық шаралары Шымкент қаласының барлық аудандарында жаппай өткізілуде және қоқыстар жиналып, тазалықты сақтау, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау ықпал етіп келеді.