Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТІКТЕР СПОРТТЫҢ 74 ТҮРІМЕН ШҰҒЫЛДАНАДЫ

ШЫМКЕНТТІКТЕР СПОРТТЫҢ 74 ТҮРІМЕН ШҰҒЫЛДАНАДЫ

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков өңірлік коммуникациялар алаңында басқарманың 1 жарты жылдығы бойынша есеп берді.
Жалпы, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағында 33 спорттық ұйым жұмыс жасайды. Осы мекемелерде спорттың 74 түрі дамытылып, 18 490 спортшы мен штаттағы 912 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізеді. Жаттықтырушылар мен спортшылардың бірлесе жұмыс жасауының нәтижесінде, биылғы жылы да Шымкенттік спортшылар жақсы нәтиже көрсеткен. Мәселен, қала спортшылары биылғы жылы әртүрлі спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып 502 алтын, 406 күміс, 522 қола медаль жеңіп алды. Жалпы 1450 медальды қоржынға салған. Атап айтар болсақ, Азия чемпионаттарында, 55 алтын, 34 күміс және 31 қола. Әлем чемпионаттарында, 9 алтын, 9 күміс,2 қола медальға ие болды. Әлем кубоктарында, 13 алтын, 11 күміс, 11 қола медаль жеңіп алды.
Ал, Париж қаласында өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиадаға Шымкент қаласының атынан 12 спортшымыз лицензия ұтып алған еді. Дегенмен, үміт ақталмады. Басқарма басшысы бұны спортшылардың психологиялық дайындығының төмендіген деп түсіндірді.
– Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған спортшыларға сенім ақталады деп үміт күтеміз. Бірақ, бұл жолғы спортшыларымыз үлкен есеппен есе жіберді. Бабы жақсы болғанмен бағы шаппады. Ойын барысында спортшылардың үлкен алаңда өздерін жоғалтып алғандарын көрдім. Біздің спортшылар психологтармен, арнайы мамандармен жұмыс істеуден бас тартады. Ішіндегісін айта алмайды. Сол үшін қазір спортқа жаңа келген буынмен психологтар тығыз жұмыс жасауды қолға алған,-дейді Маратбек Мықтыбеков.
Спортшылардың заманауи спорт нысандарында оқу-жаттығу ойындарын өткізу үшін бірнене мекемелерде құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен.
– №12 спорт мектеп спорт нысанының құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айына дейін аяқталмақ. Ал, №15 спорт мектеп спорт нысанының құрылысы ағымдағы жылдың сәуір айында басталды. Құрылыстың жалпы қаржысы 1,7 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер тарапынан Еңбекші ауданы Еламан тұрғын алабында «ЕЛАМАН» спорт кешені (спорттың ойын, жекпе-жек түрлеріне арналған 3 спорт зал және 1 бассейні бар) пайдалануға берілді. Оған қосымша «SPORT LIFE» кіші футбол орталығының құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Алдағы уақытта, Тұран шағын ауданындағы 5 гектар жер телімінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Паралимпидалық, сурдлимпиалық спорт кешенінің» құрылысын 2025-2026 жылдар аралығында жүргізіледі екен. Қазіргі уақытта, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде,-дейді М. Мықтыбеков.

Пікір жазу