Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкентте бірқатар стратегиялық нысан мемлекетке қайтарылады

Шымкентте бірқатар стратегиялық нысан мемлекетке қайтарылады

Шымкентте су тарифтері тұрғындар үшін де, бюджеттік ұйым мен заңды тұлғалар үшін де бірнеше есе жоғары. Мысалы, Шымкентте тариф шамамен 97 теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 1,5 есе төмен, яғни 65 теңге. Ал, Алматыда тариф 55 теңге, Шымкенттен 2 есеге жуық төмен. Бұның себебін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов өңірлік коммуникацияларда өткен брифингте айтты.
Айдын Мейрамбекұлының айтуынша, қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның екі су қабылдағышы «Тассай-1» және «Тассай-2», «Уникансервис» тазарту қондырғысы және «ТрансВиК» автокөлік шеберханасының жекенің еншісінде болуынан дейді.
— 1996-1998 жылдары Шымкент қаласының сол кездегі әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын монополиядан арылту шеңберінде қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін бәсекелес ортаға беру туралы шешім қабылдаған. Тасымалдау барысында қаладағы жалғыз мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның екі су қабылдағышы «Тассай-1» және «Тассай-2», «Уникансервис» тазарту қондырғысы және «ТрансВиК» автокөлік шеберханасы еншілес ұйымдарға бөлінді. Одан әрі құрылған төрт еншілес кәсіпорын мен қосымша “Бадам-Сайрам” және “Ақбай-Қарасу” су қабылдағыштары да жекешелендіруге берілген. Ал, бұл екі ұйымның су тарифі екі бөлек болып келді,-деді Айдын Кәрімов.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғындары сарқынды судың иісіне қатысты арыз-шағымдарды да талай рет жауаптыларға жеткізген. Алайда, мәселе аяқсыз қалуда. Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сарқынды суды тазарту және шығару жұмыстарының өз деңгейінде емес екендігін көрсетеді. Осы ретте, Шымкент қаласының әкімдігі бұрын жекешелендірілген стратегиялық сумен жабдықтау және су бұру нысандарын мемлекет меншігіне қайтаруды көздеп отыр. Объектілерді мемлекет меншігіне қайтару сумен жабдықтау және су бұру бойынша тарифтік шығындарды ұстау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

Пікір жазу