Төлеби ауданы Сұлтан Рабат елді мекенінде спорт алаңы пайдалануға берілді. Округ тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін алаңға «Бірлік» атауы берілді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Төлеби Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлт аралық татулық пен бірлікті дәріптеп, көп ұлтты халықтың ынтымағын нығайту мақсатында спорттық жарыстар өткізуге арналған футбол алаңының құрылысына аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Заман талабымен салынған футбол алаңы барлық стандарттарға сай. Құны 14 млн теңгені құрайды.
Жаңа алаңның ашылуына орай, ұйымдастырылған мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, Киелітас ауылдық округі әкімінің орынбасары Нәби Садықбеков қатысып, ізгі тілектерін жеткізді. Футболдан балалар арасында Сұлтан Рабат мектебінде ұзақ жылдар бойы басшылық еткен, ұлағатты ұстаз марқұм Тойчиев Ирисмат атаны еске алуға арналған турнир өткізілді.
— Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауданда 206 спорт ғимаратты қызмет көрсетеді. Футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау үшін арнайы жобалар қолға алынды. Жалпы аудан бойынша балалар мен жасөспірімдерге 137 кәсіби жаттықтырушы-мамандар және 360 топта, 4600 оқушыға жаттығу сабақтарынан білім беруде.» — деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы.
Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етіп жүрген азаматтар аудандық мәслихаттың, ауылдық округ әкімінің «Алғыс хаты» табыс етілді. Футболдан өткен ашық турнир қорытындысымен жеңімпаз атанған командалар марапатталды.
© Didarbek.kz