Ағымдағы жылдың басында Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың Қарақай ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде өзекті деген 6 мәселе көтеріліп, оның 4-і шешімін тапса, қалған 2-і орындалу үстінде, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Жетісай Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтар болсақ, Кетебай елді мекеніндегі егістік жерлердегі сарқынды суларды қашырту үшін 2 шақырым қашыртқы қазылып, жалпы ұзындығы 15,5 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-87 «Кетебай – Қараөзек – Атамекен» автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу үшін бюджеттен бөлінген 890 млн теңгеге тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нысан 2025 жылға өтпелі.
Ал, Кетебай елді мекеніне қарасты Ә.Молдағұлова көшесі жарықтандырылса, аяқжол салу жұмыстарын бастау үшін 3,7 млн теңге қаралған. Сәтпаев елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын Алатау, Бірлік, Рысқұлов, Төрекулов, Наурыз көшелері облыстық бюджет есебінен орта жөндеуден өткізілсе, Кетебай-Қараөзек елді мекендерін байланыстыратын жолдың бойын жарықтандыру, Ә.Молдағұлова көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін де тиісті жобалар жасалған.
Сонымен қатар, Қарақай елді мекенінен құны 13,7 млн теңгені құрайтын спорт алаңшасы салынса, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Сатпаев елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 3,7 шақырымды құрайтын Жеңіс, Құрманғазы, Абай, Белгібаев, Отан көшелерін орта жөндеуден өткізуді бастау үшін қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2025 жылға өтпелі. Бұдан бөлек Қараөзек елді мекеніндегі Аққұл көшесі мен Бірлік көшесінің аралығына аяқжол салу жұмыстарын бастауға 7,2 млн теңге бөлінген.
Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттырып, тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында 2024 – 2025 жылдары жалпы соммасы 32 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобаны іске асыру және 2605 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Биылғы жылдың өзінде құны 5,7 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаның құрылысы аяқталып, 939 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.
Жиын барысында аудан басшысы жыл басынан бері бағындырылған межелер мен алдағы жоспарларды таныстырып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Жеке қабылдау өткізіп, өтініш-тілектерін тыңдады.
Айта кетейік, аудан әкімінің есептік кездесуіне аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат депутаты Нұрбол Байтілесов, аудандық ішкі істер бөлімі басшысының бірінші орынбасары Есімжан Надиров пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлімдердің, білім мен денсаулық сақтау саласының басшылары, газ және электр энергиясын жеткізуші мекеме өкілдері қатысты.
© Didarbek.kz