Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮЛКІБАС: АРДАГЕРЛЕР ҮШІН ЖАҢА ОРТАЛЫҚ

ТҮЛКІБАС: АРДАГЕРЛЕР ҮШІН ЖАҢА ОРТАЛЫҚ

Түлкібас аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір» және «Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету аумақтық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шымылдығы түрілді.
Жап-жаңа орталықтың лентасын қию рәсіміне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәтбай Қасымбек, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы Мирилияз Мірқадіров, аудандық мәслихат төрағасының кеңесшісі Тұрлыбек Бердиев мырзалар қатысты. Олар арнайы сөз алып, ардагерлердің қоғам үшін де, адамзат үшін де қазына екенін, береке мен ырыс-ынтымақтың символы екенін айтып, келе жатқан мерекемен және кезекті қуаныштарымен құттықтады. Бұл туралы «Шамшырақ» ақпараттық орталығына сілтеме жасаған didarbek.kz жазады.
Қарттар күніне орай ашылған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Лес Арсланбек Асанбекұлының айтуынша орталықтан 97 ардагердің тегін қызмет алуға мүмкіндігі бар. Қандай қызмет десеңіз, тізбектеп берейін. Ең әуелі орталыққа келуші қазыналы қарттарымызға түрлі фито шәйлар ұсынылады. Одан кейін массаж қабылдап, денеңізді сергіте аласыз. Тұзды шахтада отырып, бойыңызды негативтерден тазартасыз. Иога, жаттығу залы, арнайы үстел массаждары, қолөнер терапиясы да қызмет көрсетудің негізгі бағыттары болмақ. Тек қана ардагер, зейнеткерлер емес сонымен қатар 87 мүгедектігі бар, соқырлар қоғамында тіркелген азаматтар да келуге мүмкіндік алған. Оларға 3 инвотакси қызмет көрсетеді. 16 маман келушілердің жақсы демалуы үшін барын салады. Орталықтың жұмыс кестесі таңғы 9-дан кешкі 19:00-ге дейін деп бекітілген.
Іс шара барысында қарттар ән айтып, айтыс өнерінің үзінділерін насихаттады. Қолөнер шеберлерінің туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Келген қонақтарға орталық қызметкерлері ақ дастарханын жайып, дәм ұсынды.
Сонымен қатар, үйде отырған ата-әжелеріміздің сүйікті бағдарламасына айналған «QosLike-тың» қатысушылары Мұса Бауыржан мен Ұлболсын Серікқызы арнайы келіп, ардагерлердің қуанышын еселеді. Ата-апаларымыз қонақтарды алыстан танып, еріксіз қуанып, шын баталарын берді.
-Орталық алдағы уақытта барша келушілерге жоғары дәрежеде қызмет көрсететін болады деп сенім білдіремін. Қуанышымызды бөлісуге келген барша қарияларға, ақ жаулықты әжелерімізге, әпке-ағаларымызға шынайы алғысымды айтамын. Қоғамнан қалыс қалмай, барынша ыждахаттылық танытып, өмірді сүюге құлшынып жатқан азаматтарды көріп қуанамын. Өмірді сүю керектігін еріксіз түсінуге болады. Бұл орталық сіздердің қажеттеріңізге жарап, сүйікті бас қосатын жерлеріңіз болады деп ойлаймын. Алыстан келген жас әншілерге де алғысымды білдіремін. Қарттарды сыйлаған, оларды қуанту үшін бар өнерін көрсетіп жатқандары үшін ерекше ілтипатымды айтқым келеді. Қарттарымыз азаймасын, аман болсын,- дейді орталық басшысы Арсланбек Асанбекұлы.
А.Мәмет

Пікір жазу