Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БИЫЛ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

ТҮРКІСТАНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ БИЫЛ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Бұл туралы бүгін Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев брифингте мәлімдеді.
«Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасып тауып отыр. 12 сәуір күні алғаш болып фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының өнерпаздары ашады. Шара — ұлттық өнерімізді дамыту және Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Аталған фестиваль сәуір-қыркүйек айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтеді. Онда аудан-қалалардан келген өнер ұжымдары түркістандықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетеді. Одан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылады» – деді Ержан Ибадуллаұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Түркістан облысы мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан байқауды өткізу барысына тоқталды.
«Байқау барысында ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанады. Ал аптаның сенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әрбір аудан-қала көрермендерге мерекелік Гала-концерт ұсынады. Онда халық шығармашылығының жанрларынан театрландырылған қойылымдар көрсетіледі. Оның ішінде ән-би, күй, айтыс, көркемсөз оқу, жыр-терме, цирк, сатира, хор, оркестр, вокалды-аспаптар мен отбасылық және фольклорлы-этнографиялық ансамбльдер бар» – деді Асылхан Темірхан.
Фестиваль соңында бас жүлдеге ие болған өңірге арнайы дайындалған ауыспалы «Өнерлі өлке» статуэткасы тапсырылады. Одан бөлек, бас жүлдеге ие болған аймаққа — газель автокөлігі, І орынға — жеңіл автокөлік, ІІ орынға — дыбыс жазу студиясы, ІІІ орынға — музыкалық аппаратуралар мен аспаптар табысталады.

Пікір жазу