Адам – табиғаттың төл перзенті. Халқымыз көктем келісімен ауласын тазалап, үйінің айналасына гүл, жасыл желектер егіп, су ағатын арықтардың көзін ашқан.
Бүгінде Президентіміздің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы берекесімен бастау алып, ауқымын кеңейте түсуде.
Мәдениет қызметкерлері кезекті дайындығын табиғат аясында ерекше өткізді.
Монолог оқып, өлең айтқан өнерлілер бұл жолы қолдарына микрофон емес, күрек пен сыпырғы ұстады.
Тұңғыш Президент саябағында өткен шарада ағаш егіп, гүлдердің айналасын аршып, артық шөптерден тазартты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұғымды санаға түйіп, аға буын мен кейінгі ұрпақ сонау ата-бабадан жеткен еңбек дәстүрін дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын паш етті. Экологиялық акцияның үшінші аптасы аясында «Жасыл аймақ» тақырыбында өткен шарада ұжым мүшелері әсем әндерін орындап, репетициясын табиғат аясында өткізді.
Түркістан қаласының тұрғындары республикалық экоакция басталғалы бері белсенді атсалысып келеді. Бүгін қала жастары «Өнегелі ұрпақ» апталығында Ұлы Отан соғысының ардагері, түркістандық Немат Абдрасиловтың үйінде болды. Ақсақалдың бау-бақшасында тазалық жұмыстарын жүргізді. Көгалды аумағында ағаш түптерін қопсытып, үй қоршауларын сырлады.
Ардагер өз кезегінде жастармен сұхбат құрып, соғыс кезіндегі естеліктерімен бөлісті. Қариялық ақылын айтып, батасын берді. Сондай-ақ, экоакцияның жүйелі түрді өткізілуін қолдайтынын жеткізді.
Бұған дейін, тазалық акциясы басталғалы облыс орталығында 30-дан аса сенбілік өткізіліп, 500 тонна қоқыс жиналған. Жасыл желек аумағы ұлғайып, шаһар көркі үшін 3 500 түп гүл, 4 700 түп ағаш көшеті егілген.