Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде атқарылған жұмыстарды талдап, бөлім басшысы Эльмира Бейсенованың есебін тыңдады.
Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, бөлім тарапынан учаскелік комиссияның жұмысына, АӘК тағайындаудың шынайылығына мониторинг жүргізілді. Құжаттарды қайта зерделеу барысында 8 отбасына АӘК заңсыз тағайындалғаны анықталып, қаржыны қайтару бойынша хабарлама жолданған.
Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа жолданғандардың жұмыстан жалтару деректері орын алмауы үшін қадағалау жалғасуда. АӘК алушы азматтардың мәртебесінің шынайылығына зерделеу тұрақты атқарылуда. Жылдың алғашқы тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда азайды.
Мүгедектігі бар азаматтарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының 2024-жылғы жоспары бойынша, қосымша қажетті 1812 құралға облыстық басқармаға ұсыныс жолданып, республикалық бюджетке өтінім рәсімделуде.
Жұмыспен қамту шаралары туралы “Еңбек мобильділігі орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Түркістан қалалық мансап орталығының басшысы Нұрсұлтан Жүсіпбаев баяндады.
Құрылыс басқармасынан ашылған 2 жобада – 14, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінен басталған 8 жобада – 30, қалалық құрылыс бөлімінен ашылған 2 жобада 19 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы өңірлік карта аясында 63 адам жұмысқа орналасты.
«Күміс жас» жобасы аясында 171 азамат жұмыспен қамтылған, тұрақты бос жұмыс орындарына – 1205, қоғамдық жұмыс орындарына — 1006, әлеуметтік жұмыс орындарына — 140, Жастар практикасына 96 адамға жолдама берілді. Жалпы белсенді еңбек шараларына қатысқандар саны — 2748.
Нұрбол Әбдісаттарұлы белгіленген жоспарлардың толық орындалуы тиіс екенін ескертіп:
— Сыбайластыққа жол берілмеуін қатаң қадағалаңыздар. Мұқтаж отбасылардың несібесіне қол сұғушылар заңмен жазаланады. Көмек сұрап келген әр тұрғынның жағдайын зерттеңіздер. Атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуды білмейтін, құжаттары жоқ шын мұқтаж адамдар болады. Мұндай жағдайда құқықтық кеңес беріп, құжаттарын рәсімдеуге көмек беру керек, — деді. Жиналысты қортындылай келе, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуына мерзім белгіледі.