Шымкенттің миллион тұрғыны бар ірі қалалар – мегаполистер қатарына қосылуына орай, облыс орталығының тұрғындары қолдарын жазып бүгу жаттығуын миллион рет орындады. Əл-Фараби алаңында өткен спорттық іс-шараға шаһардың бес мың тұрғыны қатысты. Олардың арасында қала əкімдігінің барлық қызметкері болды.
Ерекше флешмобқа Шымкенттің əкімі Нұрлан Сауранбаев та қатысып, спорттық бағдарламаны толық орындап шықты. Спорттық рекордты КИнЭС – 2018 қазақстандық рекордтар кітабының өкілдері тіркеп, қала басшысына арнайы сертификат тапсырды.
Еске сала кетсек, жуырда Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Қазақстан агломерацияны дамыту стратегиясын жүзеге асыруды бастады. Егер бізде бұған дейін миллион тұрғыны бар тек Алматы қаласы болса, қазір үш мегаполисіміз бар – Алматы, Астана және Шымкент қалалары», – деген болатын. Осыған орай, ОҚО жəне қала əкімдері Шымкенттің мегаполис атануына байланысты қалалықтарға арнайы үндеу жолдаған болатын. Шымкентте осы мəселені қызу талқыға түсірген көптеген жиындар мен мәжілістер өтті.
Мегаполис мәртебесі құтты болсын, қымбатты жерлестер!