Жаңа «Астана» шағынауданы тұрғындарына пәтер кілттері тапсырылды.
Шымкент қаласында «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы аясында «Астана» шағынауданы мен «Астана» гүлзары ашылды. Сонымен қатар, тұрғындарға облыстық әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында орналасқан осы шағынауданнан жаңа пәтерлердің кілті тапсырылды.Салтанатты іс-шараға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев көпшілікті осы қуанышты сәтпен құттықтады.
– Шымкент – елімізде Астана мен Алматы қалаларынан кейінгі ең ірі шаһар. Бүгін қаланы одан әрі көгалдандыру мақсатында «Астана» гүлзары халықтың игілігіне беріліп отыр.Гүлзардың орталық алаңында орналасқан шаңырақ бейнесі халқымыздың ұлттық бірлігі мен татулығын меңзеп тұрғандай. Сондай-ақ, Астананың 20 жылдық мерекесі қарсаңында қала тұрғындарына жаңа пәтер кілтін тапсырғалы тұрмыз. Бұл жетістіктердің барлығына тәуелсіздігіміздің және Елбасымыздың сарабдал саясаты арқасында қол жеткізіп отырмыз. Баршаңызға сәттілік, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Жансейіт Қансейітұлы.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған бұл үйдің пәтерлері әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жетімдерге және ұзақ уақыттан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Жалпы, әкімшілік-іскерлік орталығында осы уақытқа дейін 90 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мұнда көпқабатты 27 үй салынуда. Енді бұл шағынаудан «Астана» деп аталатын болды.
Аумағы 1 гектарға жуық гүлзарда шынар, каштан, қайың ағаштары мен түрлі гүлдер егіліп, орындықтар мен жарықшамдар, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылған.