Бүгін 1 шілде – Ұлттық Домбыра күні. Осыған орай Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Тұран даласының күйлері» күйшілер байқауы өтті. Шараға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы арнайы қатысты. Сондай-ақ, Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған Ұлжалғас Мұстафева, Сауранбек Елеуов, Несіпкүл Утебаева, Рыс Ташиметова, Гүлжанат Дюсенбаева тағы да басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Байқаудың мақсаты – дарынды жастарды насихаттау, музыкалық шеберлікті шыңдау, елдегі ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосу, төл өнерді насихаттау болды. Байқаудың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Қырықбаев Мекенхан Қозыханұлы мен Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов құттықтау сөз алды.
«Бүгінгі мереке – Ұлттық домбыра күні құтты болсын! Бұл күн – ұлттық құндылықтарымызды ардақтап, терең тамырымызға ой жүгіртетін дата. Өйткені қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық аспап қана емес, қазақтың жаны мен қаны, ары мен бары, қасиеті мен киесі. Домбыра – халықтың қайғы мен мұңын, қуаныш пен шаттығын жеткізген сенімді серігі, бабалардың үні, Ұлы даланың сазы. Қара домбыраның қоңыр үні санамызда сақталған, тамырымызда таңбаланған. Сондықтан халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!» деді ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.
Мекенхан Қозыханұлы өз сөзінде: «Қазақтың қасиетті домбыра күнінің аталып өтуі — ұлтымыздың үні мен дәстүрінің жаңғыруына жол ашады. Әсіресе бұл болашақ жас ұрпақтың бойына ұлағаты мол із қалдырады деген ойдамын. Қара домбыраның қоңыр даусын күмбірлеткен жастар арасындағы бұл байқау — қазақ халқының ұлттық мұрасы қасиетті домбыраны ұлықтау, үміткерлердің бойына отансүйгіштік қасиетті сіңіру, олардың шығармашылығын халыққа насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Барлығыңызға сәттілік тілеймін. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!»
Талантты жастар арқылы елдің рухын оятатын, жігерлендіретін, отаншылдықты насихаттайтын күйлерді ел арасына кеңінен насихаттайтын байқаудың қазылар алқасының құрамында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Спорт және өнер факультеті, «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Ботақарев Әлімбай Түгелбайұлы, Түркістан балалар саз мектебінің ұстазы, оқушылар оркестрінің дирижері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Яссы» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі, қазылар алқасының мүшесі Жақыпбеков Ерлан Асқарұлы, Халықаралық, Республикалық байқаулардың лауреаты, Мәдениет министрі медалінің және Райымбек Сейтметов атындағы жүлденің иегері, Райымбек Сейтметов атындағы театр актеры Садықбеков Қанат Малдыбекұлы болды.
Қадыр Мырза Әлі атамыздың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ұлттық құндылығымыз домбыраны әр қазаққа аманат екенін айтып кеткен. Осы ретте қолға алынған байқауға кіші топ бойынша яғни 10 мен 16 жас аралығындағы үміткерлерден 22 адам қатысса, үлкен топ бойынша яғни 17 мен 24 жас аралығында 7 үміткер өзара бақ сынады. Шертпе және төкпе күйлерді домбыра, жетіген, қобыз аспаптарының көмегімен байқау шартына сәйкес орындап шықты.
Жыл сайын өтетін үрдіске айналған байқауда жүзден жүйрік таланттардың есімін қазылар алқасы сараптап, қорытындысын шығарды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша Үлкен топ арасында Бас жүлдені Нұрқұл Абылайхан Тәліпбайұлы иеленді. Жүлделі І орынға Рысқұлбекова Нұржауған Нұржанқызы лайық деп танылса, үш бірдей ІІ орынға Сейдуллақызы Зарина, Кудайберген Азамат Ергешбекұлы, Есемхан Олжас Серғазыұлы ие болды. Қос ІІІ орынды Әкетай Арман Нақыпұлы мен Елубай Дәурен Нұртайұлы иеленді.
Сонымен қатар кіші топ бойынша байқау жүлдегерлері төмендегідей анықталды. Бас жүлдені Маханбет Дәурен Қайратұлы еншіледі. І орынға Әбдірахман Жомарт Абдусаламұлы тұрақтаса, үш бірдей ІІ орынға Қуат Ұлбала Қайратқызы, Құрманғали Мұхамедәлі
Мұратұлы, Калыбай Балнұр Маратқызы ие болды. Үш ІІІ орын Марат Айнара Ерланқызы, Сабиров Садир Тахирұлы, Момиш Алмаз Талғатұлына бұйырды.
Мұнымен қатар, Дина Нұрпейісова атындағы номинациямен Амангелді Аружан Нұрланқызы марапатталса, Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы номинация Жетібай Дархан Ерланұлына ұсынылды. Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы номинацияға Мұхтар Заңғар Нұрланұлы лайық деп танылса, Нұрғиса Тілендиев атындағы номинация Егенберді Бақдәулет Ержанұлына бұйырды. Ал, Төлеген Момбеков атындағы номинациямен Байбосын Айзере Нысанәліқызы марапатталды. Барлық жүлдегерлерге қаржылай сияпаттар мен дипломдар табысталды. Қазылар алқасының еңбегі де ескеріліп, арнайы марапатқа ие болды.
Кең-байтақ қазақ даласында күй мектептері көне заманнан бері қалыптасқан. Атақты күйшілердің бүгінгі ізбасарларымен мақтанамыз. Бағзы заманда күйдің тілімен елдің тағдыры шешілген, халықтың мұң-мұқтажын қос ішектің көмегімен жеткізген. Осындай бай мұрамызды дәріптеген байқау атаулы күнде осылайша өз мәресіне жетті.