Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕРЕКЕСІ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕРЕКЕСІ

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне және мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өттi. Жиынға Түркiстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, Шымкент қаласының әкiмi Ғ.Әбдiрахымов, ҚР семлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, мәслихат депутаттары және 900-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты.

Салтанатты жиында Жансейiт Қансейiтұлы, Ғабидолла Рахметоллаұлы барша мемлекеттiк қызметкерлердi мерекемен құттықтап, қазiргi сәтте мемлекетке қызмет ету жауапты мiндет екенiн атап өттi.

   

– Елбасының Жарлығымен Түркiстан облысы құрылып, Шымкент қаласы мегаполис атанғанын бiлесiздер. Ендiгi ретте мемлекеттiк қызметкерлерге зор мүмкiндiк туып отыр. Түркiстан қаласы облыс орталығы болғандықтан, ендi халықаралық ынтымақтастық, ic-шаралар, конференциялар көбейедi. Сiздер өздерiңiздiң бiлiм-бiлiктерiңiздi көрсетiңiздер. Бiзге көптеген мемлекеттiк қызметкерлер керек. Түркiстанды бiрге түлетейiк, – дедi облыс әкiмi.

Құттықтау сөзiнен кейiн Жансейiт Қансейiтұлы бiрқатар мемлекеттiк қызметкерлердi облыс әкiмiнiң грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ, «Үздiк мемлекеттiк қызметшi» төсбелгiсiн тапсырды.

Жиында Шымкенттің əкімі мемлекеттік қызметкерлерді бір отбасыдай жұмыс істеуге шақырды.

   

– Жаңа статус – бұл жаңа мүмкіндіктер ғана емес, қала тұрғындарына жүктелетін зор жауапкершілік. Бірге жұмыс істесек қана Шымкентті жаңа белеске шығарамыз. Біздің мақсатымыз – Шымкентті Астана мен Алматы қалаларының деңгейіне жеткізу. Егер біз бір отбасының мүшесіндей жұмылсақ, бұл мақсатқа жететінімізге сенемін, – деді Ғабидолла Əбдірахымов.

Қала əкімі бұған қоса жаңа статусқа байланысты мегаполис əкімдігі қызметкерлерінің жалақысы көтерілетінін айтты. Басқармалар құрылған соң конкурс жарияланып, жұмысқа үздік қызметкерлер қабылданатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, жиында ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев та бiрқатар мемлекеттiк қызметкерге департаменттiң грамотасын табыс еттi.

Өз тілшімізден

Пікір жазу