Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков бүгін бірқатар нысандарды аралап, қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тексерді.
Аралау нәтижесімен лездемелік мәжіліс өткізген шаһар басшысы кемшіліктер бойынша сала басшыларына қатаң ескерту жасады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы салаға жетекшілік ететін орынбасарына тазалықпен айналысатын жеке кәсіпкерлердің жұмысына қадағалауды күшейтуді тапсырды.
Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков “Таза Қазақстан” экологиялық жоба аясында атқарылған жұмыстарды баяндап, жоспарларын ұсынды. Сонымен қатар, инфрақұрылым жүйелері мен ойын алаңшаларын, құрылыс нысандарын зерделеу кезінде жұмысшы топ анықтаған кемшіліктерді жою барысына тоқталды.
Мәжіліс барысында Ә.Жангелдин көшесінде жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңына дейін толық аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ, кәріз жүйесінің құрылысы жүрген көшелердің жағдайын саралау, жолдарды қалпына келтіру, тас төсеу мәселесі де бақылаудан түспейтіні ескертілді.
— Бүгінгі жұмыс деп ертеңгі жоспарды ұмытпаңыздар. Келесі жылы атқаратын тірліктерді осы күннен тиянақтаған дұрыс. Құжаттар мен бюджеттік өтінімдерді рәсімдеуді кешіктірмеңіздер, — деді қала әкімі өз сөзінде.
“Айтқанды істеу емес, жұмысты айтқызбай істеу — мықтылық” деп, бөлім басшыларына мәселелерге жауапкершілікпен қарауды ескертті.
Мәжіліс қорытындысымен нақты тапсырмалар белгіленіп, мерзімдер бекітілді.