Шымшаһарда орын тепкен «Қазақстан Халқы Ассамблеясының» үлкен залындағы «Мемлекеттік қызметшілер күні» және мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы мерекесі жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыруы да, жазылған сценариі де, марапатталғандар тізімі де, концерттік бағдарламасы да – көңілге қонымды. Әсіресе, болашағымыздағы «аңыз адамдарды» марапатталғандардың арасынан байқағандай болдық. Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Биліктің жарқын келбеті. Мемлекет алдында тұрған талап пен міндетті орындау қоғамның осы тобына жүктелген. Басқару құрылымының жұмысын тиімді жүзеге асырумемлекеттік қызметкердің жоғары кәсіби деңгейіне байланысты екені анық.
«Қазақстан Халқы Ассамблеясы» ғимаратында 900-ге жуық мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен өткен салтанатты шарада облыс әкімі Ж.Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өңірдегі Департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, еліміздің өсіп, өркендеу жолында толағай табыстар тіледі.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қызметті жаңғырту көзделген. Мемлекеттік қызметтің басты қызметі – тиімді қызмет көрсете алатын кәсіби шеберлігін дамытуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, мемлекеттік органдарда жоғары мәдениетті қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларға негізделеді. Мемлекеттік саясаттың басты ресурсы – мемлекеттік қызметші.
Азат Дидарбек