Түркістан қаласына келуші қонақтар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шаһарда 25 туристік полиция қызметкері жұмыс істейді. Оларға арнайы нысанды киім, құрал-жабдықтар мен қажетті техникалар берілген.
Туристік тәртіп сақшылары – Қ.А.Ясауи кесенесі, Керуен сарай кешені, Президент саябағы аумағын сағат 08:00-ден 24:00-ге дейін екі ауысыммен бақылап, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алады. Көмек қажет болған жағдайда жәрдем етеді.
Туристік полицияның қызметіне соңғы бір айда 650-ден астам азамат жүгінген. Мамандардың айтуынша, туристер мен қонақтар «Түркістанда қандай қонақ үйге тоқтауға болады?», «Көші-қон полициясы қайда орналасқан?» және бір нүктеден екінші нүктеге қалай жетуге болатыны жайындағы сұрақтармен жиі келеді.
Қызметкерлер – жедел әрекетке дайын жас мамандар. Қазақ, орыс, түрік, қытай, ағылшын тілдерін және қала тарихын жетік меңгерген.