Түркістанда «Қылует» рухани орталығы бой көтеріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сәулеті мен маңызы ерекше нысанның құрылыс алаңында болды. Бұл орталық демеушілер есебінен салынуда.
Жоба құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын мешіт шаһардағы маңызды орталықтардың біріне айналмақ. Ерекше дизайндағы нысан 0,95 гектар аумақта орналасқан. Рухани орталықтың көлемі – 3000 шаршы метр. Жерасты мешітінде бір мезетте 500 адам құлшылық жасай алады.
«Қылует» рухани-мәдени орталығында Көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, ҚМДБ имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институты салынуда. 100 орынға арналған дәрісхана, 60 орынға арналған кітапхана, 120 орындық жатақхана, 60 орындық асхана салу көзделген.
Облыс әкімінің орынбасары рухани орталықтың маңыздылығына тоқталып, құрылыс жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы, сапаны басты назарға алуды жүктеді.
Одан соң дәрісхана мен жатақхананы аралаған облыс әкімінің орынбасары сәулетіне мән беруді тапсырып, ғимараттың сыртқы келбетін шаһардың сәулет үлгісіне сай жасау және қаптау материалын сапалысына ауыстыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Сапар соңында Ертай Алтаев Түркістан облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлерімен кездесіп, орталықтың жұмысымен танысты. Онда алдағы уақытта атқарылар жоспарлар пысықталып, жұмысты жандандыру жөніндегі орталық қызметкерлерінің ұсыныстары тыңдалды.
Ғимаратты аралау барысында орталықтың директоры Медет Халықов ғимарат мәселесі өзекті болып отырғанын айтып, биыл ел игілігіне берілетін облыс орталығындағы «Достық үйіне» көшуге ықпал жасауын сұрады.
Ертай Кенжебекұлы ұсынысты назарға алып, шешілу жолын қарастыратын жеткізді.
Өз кезегінде облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы 2011 жылдан бері құрылған орталықта материалдық база жаңартылмағанын, жақында облыс әкімінің қолдауымен қаржы қаралатынын тілге тиек етті.
Облыс әкімінің орынбасары керативті көзқараста халыққа өтімді форматта түсіндіру, ағарту жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді. Медиа студияны заман талабына сай жандандыру бағытында жұмыстарды үйлестіруді міндеттеді.
Қоғамда жастардың таным-түсініктерінің дұрыс қалыптасуына, әсіресе, діни, рухани көзқарастарының оң бағытта қалыптасуына әсер ететін бейнероликтер мен фильмдер шығарудың ықпалы зор. Осыған орай облыстық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің жанынан «Күлтөбе» медия-студиясы жасақталуда. Роликтер мен фильмдерді дайындау және оларды өңдеу (монтаждау) жұмысына арнайы медиа-студия жасақтау, қажетті декорациялық әр беру, сапалы камералар, жарықшамдар, студиялық құрал-жабдықтар, компьютер құрылғыларымен қамтамасыз ету мақсатында қажетті жұмыстар атқарылуда.