Түркістан қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен Тең қоғам орталығының» қызмет алушылары Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне зиярат етіп, тарихи тұлғалардың рухына Құран бағыштады. «Керуен-Сарай» туристік кешенін қайықпен аралап, «Ұлы дала елі» орталығындағы мұражаймен, ондағы фольклорлық-этнографиялық эскпозициялармен танысты. Саяхат Отырар қалашығы мен табиғат аясында жалғасып, белсенді зейнеткерлер демалысты ұйымдастырған орталық мамандарына ризашылықтарын білдірді.
Түркістандағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» – 2022 жылдан бастап зейнеткерлерге қызмет көрсетеді. Жылына 3 мыңға жуық азаматты қабылдап, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша көмек береді. Егде жастағы ата-әжелер мұнда қолөнер және спортпен шұғылданады.
«Тең қоғам орталығы» – 2021 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға қызмет етіп келеді. Жылына 700-ден аса азаматқа құқықтық және психологиялық кеңес беріп, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру сияқты мәселерін шешуге атсалысады.