Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ

ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ

Бүгін Шымкент қаласының аудан аумақтарында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық іс-шарасы өтуде. Абай ауданына қарасты Достық және Асар-2 шағын аудандарында өткен экологиялық іс-шараға аудан тұрғындары, «Жасыл ел» жасақтары мен белсенді жастар, аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері, ардагерлер қатысты. Олар Таңшапағы көшесі бойын ретке келтіріп, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.
Абай ауданы әкімдігі ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – тұрғындарды тазалыққа шақыру, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
– Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысу – азаматтық борышымыз. Мұндай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылса екен. Жалпы тазалық өзімізден басталады, – дейді Асар-2 шағынауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхамедәлі Баубеков.
Аудан аумағында әр сенбі сайын экологиялық акциясы өткізілуде. Бүгінгі іс-шараға 2 техника, 200-ден астам адам жұмылдырылды. Орталық Таңшапағы көшесінің бойы қоқыстан тазаланып, ретке келтірілді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, жас ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздейді.
Сонымен бірге, бүгін Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Тассай шағын ауданында өткен «Таза көше» атты іс-шара аясында Алматы тас жолының бойы тазаланды. Бұл іс-шараға жергілікті тұрғындар, белсенді, ерікті жастар, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері белсенді түрде қатысты.
– «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындарды, әсіресе, жастарды айналамыздың таза болуын сақтауға өз үлесін қосуға шақырады. Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын осы игілікті шараға үлес қосуға шақырамын, – дейді Қаратау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбеков.
Айта кетейік, тазалық шаралары Шымкент қаласының барлық аудандарында жаппай өткізілуде және қоқыстар жиналып, тазалықты сақтау, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау ықпал етіп келеді.

Пікір жазу