Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ «КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ» АТТЫ ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ «КӨК ТУДЫҢ ЖЕЛБІРЕГЕНІ» АТТЫ ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

Қасиетті Отанға, туған жерге, өскен елге деген құрмет пен сүйіспеншілік оның рәміздеріне деген құрметтен басталды. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары, патриоттары қалыптасады.
Ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай Шымкентте өткен «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форуында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осылай деді.
Шымкент қаласы әкімідігі ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған форумға зиялы қауым өкілдері, ерікті жастар мен қала тұрғындары қатысты. Көрме орталығында өткен іс-шара еліміздің Мемлекеттік Әнұрынымен басталып, онда мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталды.
– Еліміздің егемендігі жөніндегі Декларация қабылданған 25 қазан — Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің бастауына айналған күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қайта жаңғырып, ұлттық мәртебеге ие болған бұл мереке мемлекеттің тұтастығы мен халқымыздың ынтымақ-бірлігін бекемдей түсуде, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде ерекше мәнге ие. Рәміздер күнінде басталып, Республика күнінің қарсаңында қортындыланғалы отырған «Көк Тудың желбірегені» патриоттар форумы да осы мақсатпен керемет үйлесім тауып отыр, – деді Сәрсен Абайұлы.
Қала әкімінің орынбасары мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар екеніне тоқталып, халқымыздың өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың, ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағлымды тарихымыздың шынайы көрінісі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту — әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз.
Сондай-ақ, Тәуелсіздік құндылықтары, мемлекеттік рәміздерді насихаттау арқылы отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздерге деген терең құрметті қалыптастыру мақсатында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Үздік пост», « Үздік ролик», «Үздік іс-шара» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
«Үздік іс-шара» байқауының бас жүлдесін Төлеген Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы жеңіп алды. Марапат иелері әлеуметтік желілерге қазылар алқасының талаптарына сай бейне-ролик жариялаған. Парақшаларда көп қаралым жинаған қоғамдық роликті 7 сынып оқушылары дайындаған көрінеді. Мектеп директоры Ақмарал Сәрсенбаеваның айтуынша, бұл іс-шара тек қатысушылардың арасында ғана емес, қала, тіпті республика көлемінде танылған жоба.
Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған форум Шымкент опера және балает театры мен «Шымкент концерт» ұйымының әншілері өнерімен жалғасты.

Пікір жазу