Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ҚИЯЛЫ ҰШҚЫР ЕРЕКШЕ ЖАНДАР

ҚИЯЛЫ ҰШҚЫР ЕРЕКШЕ ЖАНДАР

Елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні 2011 жылы белгіленіп, қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Бұл жанқиярлық еңбегімен және тынымсыз қамқорлығымен қарт адамдарға, ерекше жандарға, аз қамтылған отбасыларға және көп балалы отбасыларға баға жетпес көмек көрсететін еңбектері өлшеусіз жандар күні.
Бүгінгі таңда, қаламызда әлеуметтік қызметкерлер күнін кеңінен атап өту мақсатында арнайы он күндік жоспары әзірленіп, түрлі шаралар өткізілуде. Осындай іс-шараның бірі Арбат демалыс аймағында өткен, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында қызмет алушылардың қолымен жасалған бұйымдар көрмесі.
Көрмеде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын мүгедектігі бар қарттар және балалармен әлеуметтік қызметкерлердің бірлесіп жасаған қолөнер бұйымдары қойылды. Қарапайым заттардан, түрлі-түсті етіп жасалған қолөнер бұйымдары көздің жауын алады. Әшекей бұйымдар, қолдан жасалған кілемдер, кәдесыйлар, ағаш және керамикалық ыдыс-аяқтар, заманауи күміс және бедерлі әшекейлер, қолдан жасалған ойыншықтар, тастан жасалған қазақ белгілері бар әшекейлер және тағы басқа бұйымдар қойылған.
Іс-шара барысында, әлеуметтік сала мамандары өздерінің шығармашылық қабілеттерімен таныстырып, қызмет алушылармен атқарып жүрген жұмыстарымен бөлісіп ән, би, мәнерлеп оқу және т.б. шығармашылық қабілеттерімен таныстырды.
– Әлеуметтік қызметкер – бұл жай ғана мамандық емес, ол адам күйіне бей-жай қарамайтын, жаны ашық және жүрегі мейірімді адамдарға лайықты кәсіп. Бұл өзінің жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз қамқорлығы арқылы қарт адамдарға қызмет ететін, ерекше жандарға баға жетпес көмек көрсететін жандар. Қазан айының соңғы демалыс күні әлеуметтік қызметкерлер күні. Осы күнді жоғары деңгейде өткізу мақсатында осы іс-шараны өткізіп отырмыз. Қалада 17 орталық бар. Бүгін сол орталықта қызмет алушыларымыздың еңбек терапиясы кезінде жасаған жұмыстарымен қала жұртшылығын таныстырғымыз келді. Көрмеге «Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығы орталығы да келіп отыр. Орталықтың балалар үйімен түзген меморандумы бар. Балалар орталыққа барып, қариялармен жолығып тұрады. Қолөнерін үйренеді, тіпті, ата-апалар өздері жасаған бұйымдарын балаларға сыйлап жатады. Бүгінгі іс-шара да осындай жылулық пен мейірімділік сыйлайтын дүние. Орталықта ерекше жандардың немен айналсатынын халық көрсін деген ниет, – дейді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 17 түрлі әлеуметтік топтағы азаматтарға арналған орталықтарда 2000-ға жуық әлеуметтік қызметкер бар. Олар қамқорлыққа мұқтаж жандардың денсаулығын тіктеп, олардың еңбекке араласуына, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Шымкенттегі әлеуметтік орталықтар жұмысы бүгінде өзгелерге үлгі болып отыр.

 

Пікір жазу