Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтің ауылдық округтерді аралау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев келесі кезекте аудандық маңызы бар КХSR-19 «Қарасу-Ақбастау-Шымкент қаласының шекарасы» автомобиль жолы мен Жібек жолы даңғылы қиылыстарына қосымша бағдаршам қою мәселесін қарастырды.
Тиісті сала басшыларымен бірге аудан орталығынан келетін көліктер республикалық маңызы бар қалаларға қолайлы қозғалыс жасайтындай, көліктер бір-біріне кедергі келтірмейтіндей тиімді эскизді сызу мәселесі талқыланды.
Сонымен бірге, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиевтің кезекті аралауы Қарасу ауылдық округінде жалғасып, Қарасу аумағының тазалығын және құрылыс нысандарының қасбеттерін қадағалады.
Аралау барысында ауылдық округ аумағының тазалығын және шлакоблок шығаратын құрылыс нысанының жұмыс барысын тексерді.
Өз кезегінде, Қарасу ауылдық округі әкімі Абдиманат Бурбеков пен тиісті бөлім басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, жол жиегінде жатқан құрылыс материалдары қалдықтарын жоюды, ауылдық округ аумағы мен ішкі көшелеріне тазалық сенбіліктерін тұрақты түрде ұйымдастыруды, кәсіпкерлік нысан қасбеттерін біркелкі үлгіге сәйкес, бір сызық бойында орналастыру және қоршау бойынша заң аясында зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.