Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ МӘМС АЯСЫНДА НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР САНЫ АРТТЫ

ШЫМКЕНТТЕ МӘМС АЯСЫНДА НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАР САНЫ АРТТЫ

Шымкентте жоғары технологиялы нейрохирургиялық оталар қолжетімді бола түсті. Шымкентте өткен баспасөз туры барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің нәтижелері таныстырылды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова журналистерге өңірдегі жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігі туралы кеңінен мәлімет берді.

Арапкүл Әбдімәлікқызының айтуынша, МӘМС енгізілгеннен бері қала тұрғындарының күрделі операцияларға қол жеткізу мүмкіндігі айтарлықтай артқан.

-Бүгінде Шымкентте жоғары технологиялы көмекті мыңдаған адам ала алады. Тек биылдың өзінде МӘМС шеңберінде 1000-ға жуық жоғары технологиялы қызмет көрсетілді. Бұл – жүйенің нақты нәтижесі, – деді ол.

Оның сөзінше, МӘМС арқасында бұрын тек ұлттық орталықтарда жасалатын жүрек және бүйрек трансплантациялары да Шымкентте сәтті орындалып келеді.

-2025 жылы қалада 1 жүрек және 17 бүйрек трансплантациясы жасалды. Мұндай оталардың құны 10 млн теңгеге дейін жетеді. Ал сақтандыру жүйесінің арқасында бұл күрделі операциялар науқастар үшін тегін көрсетіліп отыр. Бұл – тұрғындарға көрсетіліп жатқан зор әлеуметтік қолдау, – деді Ізбасарова.

Сондай-ақ соңғы бес жылда Шымкенттің жүрек орталығында 23 науқасқа жасанды жүрек қойылған. Бір жасанды жүректің құны 77 млн теңгені құрайды. Егер МӘМС болмағанда, мұндай жоғары технологиялы көмекті көпшілікке қолжетімді ету мүмкін болмас еді.

Арапкүл Ізбасарова қаладағы медициналық инфрақұрылымның да МӘМС енгізілгеннен кейін жақсарғанын айтты.

-Бүгінгі таңда Шымкентте 177 медициналық мекеме жұмыс істейді. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік ұйымдар. Ең бастысы – әр тұрғын өзіне қызмет көрсететін медициналық ұйымды еркін таңдай алады. Бұл – медициналық қызмет сапасын арттырудағы маңызды қадам, – деді ол.

Баспасөз туры барысында нейрохирургиялық бөлімнің жұмысы да көрсетілді. Жақында жұлынға күрделі ота жасатқан науқаспен тілдестік. Мойын омыртқасы сынған науқасқа жоғары дәлдіктегі операция №2 қалалық ауруханасында жасалған. Операцияға жетекшілік еткен жоғары санатты нейрохирург, PhD, аурухананың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Еркін Медетов.

-Мұндай жарақаттар – минуттық шешім қабылдауды, біліктілікті және қымбат технологияларды талап ететін жағдай. Аурахананың нейрохирургтар командасы науқастың өмірін сақтап қалды. Бұл операцияның құны өте жоғары, алайда оның барлығы МӘМС есебінен төленді. Қазір науқас оңалу кезеңіне өтті. Бұл – жүйенің арқасында көрсетіліп отырған нақты көмек, – деді ол.

Арапкүл Ізбасарова МӘМС-тің басты мақсаты – қарапайым тұрғындарды медициналық шығындардан қорғау екенін атап өтті.

-МӘМС – жинақтау жүйесі емес. Әрбір сақтандырылған азамат жарна көлеміне қарамастан толық көлемде медициналық көмек алуға құқылы. Біз үшін маңыздысы – халықтың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімді болуы. Шымкентте бұл бағытта оң динамика бар, – деді ол.

Баспасөз туры барысында ұсынылған деректер мен көрсетілген мысалдар МӘМС жүйесінің өңір медицинасына серпін бергенін айқын көрсетті. Жоғары технологиялы оталардың қолжетімді болуы, кадрлық әлеуеттің күшеюі мен заманауи жабдықтардың енгізілуі – Шымкент медицинасының жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі.

МӘМС – жинақтау жүйесі емес, әлеуметтік қолдау тетігі. Сақтандырылған азамат жарна мөлшеріне қарамастан толық медициналық көмек алуға құқылы. Баспасөз туры барысында осы тетік арқылы нейрохирургиялық көмек көрсетудің маңызы мен жетістіктері таныстырылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласында теңдік пен сапаны қамтамасыз етуге бағытталған тиімді механизм болып табылады. Бұл жүйенің артықшылығы — әрбір азаматтың қажетті медициналық көмекке қолжетімділігі. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, жаңа технологиялар мен әдістемелердің енгізілуі арқасында халықтың денсаулығына жасалатын инвестициялардың көлемі ұлғайып келеді. МӘМС жүйесінің арқасында азаматтар жоғары технологиялы операциялар мен күрделі емдеулерді сақтандыру жүйесі арқылы ала алады, бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

Қоғамдық денсаулықтың жақсаруы үшін маңызды болған медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігі, әсіресе ауылды және қалалық аймақтарда, өз кезегінде әлеуметтік теңсіздікті азайтады. Қазіргі таңда көптеген азаматтар медициналық қызмет алу үшін ұзақ уақыт бойы кезекте тұруға немесе қаржылық қиындықтарға тап болуға мәжбүр болмайды. Бұл медициналық реформалар мен жаңашылдықтардың негізгі мақсаты да — халықтың денсаулығын қорғау және елдегі денсаулық сақтау жүйесін барынша тиімді ету.

Шымкенттегі медициналық мекемелерде жүргізіліп жатқан операциялар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен санын арттыру — еліміздің басқа өңірлері үшін үлгі болып отыр. Жоғары технологиялы медициналық қызметтерге деген сұраныс күн сайын артып келеді, және бұл сұранысқа жауап беру үшін денсаулық сақтау мекемелері жаңартылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілуде. МӘМС жүйесі, өз кезегінде, азаматтарға мұндай қызметтерді оңай әрі қолжетімді түрде алу мүмкіндігін береді, сол арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұдан басқа, МӘМС жүйесінің арқасында медициналық көмек көрсету саласында бәсекелестіктің артуы да байқалады. Мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер арасында сапа мен қызмет көрсетудің деңгейі бойынша бәсекелестік туындайды, бұл өз кезегінде қызмет көрсетудің жақсаруына және науқастарға жоғары деңгейдегі медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Пікір жазу