Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен алғаш рет «Қара шаңырақ» қолөнер және халықтық өнер көрмесі өтті. Аталған көрмеге қаламыздағы 20-дан астам шеберлер қатысты.
Ұлттық қолөнер көрмесінің негізгі мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі өнерін насихаттау, ұлттық мәдени мұраны сақтау, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу және қазіргі заманға бейімдей отырып дамыту. Іс-шараға Шымкент қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Амзеева, Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Досыбай Шерімқұлов, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері және де жастар қатысты.
«Бүгін біз «Қара шаңырақ» қолөнер және халықтық өнер көрмесінде бас қосып отырмыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайда “Ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, соның ішінде қолөнерді жаңғырту – ұлттың өзіндік болмысын сақтаудың басты жолы” екендігін айтқан болатын. Бүгінде ұлттық қолөнер жаңғырып, сән индустриясы, туризм, интерьер дизайны, қолөнер базарларында кең қолданылады. Жас шеберлер дәстүрлі тәсілдерді заманауи технологиямен ұштастырып, жаңа бағыт қалыптастыруда. Қазақ қолөнері халықаралық көрмелерде жоғары бағалануда. Сіздердің қолыңыздан шыққан өнер туындылары әлемге танылсын! Сіздерге зор денсаулық, шабыт, мол табыс және толағай жетістік тілеймін!» — деді қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Айгүл Амзеева.
Сондай-ақ, Ассамблея жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Досыбай Шерімқұлов шараның маңыздылығына тоқталды.
— Сіздердің алтын қолдарыңыздан туған әрбір бұйым – халқымыздың рухани байлығы мен мәдени мұрасының жалғасы. Ұлттық өнерді көздің қарашығындай сақтап, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген еңбектеріңізге шын жүректен алғыс айтамыз. Шеберханаларыңыз шығармашылыққа толы болып, өнерлеріңіз өрлей берсін!» — деді Досыбай Шерімқұлов.
Көрме барысында шеберлердің шығармашылық тәжірибесін көрсету, олардың еңбегін елге дәріптеу, жаңа буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру, сонымен қатар қолөнер бұйымдарының экономикалық және мәдени әлеуетін көтеру көзделді.
Қолөнер мен ұлттық мәдениетті дәріптеу, халықтық өнерді насихаттау еліміздің рухани құндылықтарын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады. Шымкенттегі «Қара шаңырақ» қолөнер және халықтық өнер көрмесі осы бағытта атқарылып жатқан үлкен жұмыстардың бірі болып табылады. Қазіргі таңда қолөнер тек тарихи мұра ретінде ғана емес, заманауи мәдениеттің бір бөлігі ретінде де танылуда. Мұндай көрмелер халықтың ұлттық бірегейлігін сақтау және дамыту мақсатында маңызды іс-шаралар болып табылады.
Ұлттық қолөнерді дамыту мен жастар арасында насихаттау арқылы, біз тек өткеннің қазынасын ғана емес, сонымен қатар оны жаңа заманға сай өмірде қолдану мүмкіндіктерін де іздеудеміз. Заманауи технологиялар мен дәстүрлі әдістерді ұштастыру шеберлерге жаңашылдықты енгізуге, дәстүрлі өнерді жаңа бағытта дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, сән индустриясы мен интерьер дизайнында қолөнер бұйымдарының қолданылуы бұл өнердің өзектілігін дәлелдейді. Жас шеберлердің ұлттық қолөнерді жаңғыртуға атсалысуы – шығармашылықпен ұштасқан ұлттық мәдениетті сақтаудың тағы бір жолы.
Сонымен қатар, халықтық өнердің халықаралық көрмелерде жоғары бағалануы Қазақстанның мәдениетінің әлемдік аренада танылуына ықпал етеді. Қолөнердің ұлттық болмысымызды сақтап, дамытуда маңызы зор. Осындай іс-шаралар әрбір адамға өзінің мәдени мұрасына деген мақтаныш сезімін ұялатуға, ұлттық құндылықтарды бағалауға мүмкіндік береді. Көрмеге қатысқан қолөнершілер мен өнер қайраткерлеріне көрсетілген құрмет, алғыс хаттар мен сыйлықтар олардың еңбегін бағалаудың бір көрінісі болды.
Көрменің соңындағы концерттік бағдарлама қатысушыларға көңілді әрі әсерлі уақыт сыйлады. Қалалық ҚХА жанындағы әрбір этномәдени бірлестіктің өз үлесін қосуы ұлттық өнердің әртүрлі қырларын көрсетіп, көпшілікке жаңа көкжиектер ашты. Бұл шараның келешекте жалғасын тауып, еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналатынына сенім мол.